Бұл жолғы санкциялар пакеті ең ауқымды шаралардың бірі саналады.
Тізімге шамамен 120 жаңа жеке және заңды тұлға енгізілген. Сонымен қатар энергетика, қаржы, сауда және технология жеткізу салаларына қосымша шектеулер қарастырылған. Брюссель бұл жолы санкциялар тек ресейлік ұйымдарға ғана емес, үшінші елдердегі компанияларға да таралатынын атап өтті.
Компанияға қандай күдік бар?
Еуроодақ мәліметінше, United Trading Group жоғары тазартылған тұз қышқылын (HCl) жеткізу тізбегіне қатысқан болуы мүмкін. Бұл химиялық зат жартылай өткізгіштер өндірісінде қолданылады.
Құжаттарда көрсетілгендей:
- Германиядағы UrSeCo Handels GmbH & Co. KG компаниясы химиялық затты қазақстандық фирмаға жеткізген;
- кейін өнім Ресейге жөнелтілген;
- соңғы алушылар ретінде «Сильтрон» және «Электронснаб» аталған;
- жеткізу бағыты Польша мен Түркия арқылы өткен.
ЕО мұндай схема Ресейге сезімтал тауарларды жеткізуге қойылған тыйымды айналып өтуге мүмкіндік берген деп есептейді.
Санкциялық тізімге компания басшысы Алимжан Беков те енгізілді.
Компания туралы не белгілі?
Kursiv Media мәліметінше, компания 2022 жылғы 17 наурызда Алматы қаласының Медеу ауданында тіркелген.
Сонымен қатар:
- шағын бизнес санатына жатады;
- штатында бар болғаны бір қызметкер тіркелген;
- оның жалақысы шамамен 85 мың теңге болған;
- жұмыс істеген уақытында бюджетке 111 млн теңгеден астам салық төлеген.
Компанияның құрылтайшысы әрі басшысы – Әлімжан Беков. Ол бұған дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, алайда жеке кәсіпкерлігі компания ашылардың алдында тоқтатылған.
Немен айналысқан?
Ресми дерек бойынша, компания кең ауқымды тауарларды көтерме саудамен айналысқан. Сонымен бірге оның арнайы жүктермен жұмыс істеуге лицензиясы болған. Мұндай рұқсаттарды Өнеркәсіп министрлігіне қарасты профильдік комитет береді.
Сарапшылардың пікірінше, ЕО назарын аудартқан негізгі жайт осы қызмет бағыты болуы мүмкін.
Айта кетейік, жаңа санкциялар пакетіне Ресей нарығына қос мақсаттағы тауарлар жеткізуі мүмкін деген күдікпен өзге елдердегі бірнеше ұйым да енген.