Алматыда көз қылилығынан биыл 147 бала емделді - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда көз қылилығынан биыл 147 бала емделді

Алматыда көз қылилығынан биыл 147 бала емделді

Алматыда жыл басынан көз қылилығы диагнозы бойынша 147 бала ем қабылдады.

  • 3 Қараша 2022
  • 8
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Басқарманың мәліметінше, биыл Алматы балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығының офтальмология бөлімінде қылилық диагнозымен 147 бала емделді. Өткен жылы 109 науқас ем-дом алған. Сонымен қатар былтыр 99 ота жасалса, биыл жыл басынан дәрігерлер 132 ота өткізген.

Алматы қалалық балалар жедел медициналық жәрдем орталығының офтальмологы, медицина ғылымдарының кандидаты Ләззат Кейкинаның айтуынша, көз қылилығын емдеуге болады. Бірақ, емді ұзақ уақытқа кейінге қалдырмаған дұрыс.

«Қылилықты емдеу кезінде біздің мақсат ақауды косметикалық жою ғана емес, сондай-ақ ең жоғары көру функциясын дамытуға жағдай жасау. Бұл – бинокулярлық, яғни қоршаған ортаны екі көзбен қабылдау қабілеті, стереоскопиялық көру. Әрі қарай емдеу тактикасын шешу үшін баланы мүмкіндігінше ертерек офтальмологқа көрсеткен жөн. Көру анализаторының жоғары сапалы толыққанды дамуына жағдай жасау үшін қылилықты емдеу қашан да дер кезінде жүргізілуі керек. Бұл – өте маңызды.

Өкінішке қарай, балаларды 7-8 жастан кейін емдегенде біз тек көру өткірлігін сақтауды мақсат етеміз. Себебі бұл өмір сапасының маңызды факторы болып табылады. Бірақ бұл кезде бинокулярлық көрудің толық дамуы туралы айтпаймыз. Сондықтан емделуге жасы үлкенірек балалар келгенде, жақсы және тиімді нәтиженің болуы екіталай. Мұндай балаларды 7 жасқа дейін, яғни мектепке дейін бақылап, емдеуге тырысу керек»,- деді дәрігер.

Ол бинокулярлық бұзылумен байланысты қандай да бір жағдайды түзету мектеп жүктемесінің болуына байланысты белгілі бір қиындық тудыратынын айтты.


«Отасыз емдеуге болатын қылилықтың көптеген түрі бар, сондықтан хирургия – дәрігер шешетін мәселе. Көзілдірікті таңдау, аппараттық емдеу аясында хирургиясыз тиімді емделетін қылилық түрлері бар», — деп түсіндірді Ләззат Кейкина.

Көздің қылилануының себебі көп. Мұнда неврологиялық жағдайлар да болуы мүмкін. Сондықтан Орталық офтальмологтары қашан да невропатолог әріптестерімен бірге жұмыс істейді. Қалыпты көру омыртқаның құрылымына тікелей байланысты екенін атап өткен жөн, ал қылилық балалар омыртқаны дұрыс ұстамаудың себебінен де болады.

«Қылилыққа омыртқаның құрылымы қатты әсер етеді. Басты мәжбүрлі төмен қарап ұстау оның күйіне ғана емес, жалпы омыртқаның құрылымына толығымен әсер етеді. Сондықтан біз қылилықты неғұрлым ертерек емдесек, нәрестенің басты ұстауын қалпына келтіру оңайырақ болады. Сәйкесінше, омыртқаның жағдайы да жақсарады. Көбінесе «көзден болатын қисық мойынды» шынайы қисық мойынмен шатастырады, көптеген остеопаттар көзді емдеу керек екенін ұмытып, кейде оны сәтсіз емдеп жатады», — деді Ләззат Кейкина.