Кәмилә Мұсабаева наурыз мейрамы қарсаңында осындай тосын сыйға тап болған. Үйіне іргелес тұрған қоқыс полигонының жанынан өткені сол екен, қорап ішінде жатқан нәрестені көрген. Тіпті сәбидің жатыр пердесі мен кіндігі де алынбапты.
Кәмилә Мұсабекова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Үйге әкеліп, баланы дереу қораптан шығардым. Жедел жәрдем тез келді. Жылы су дайындап, кіндігін тазаладық. Қандарын сүрттік. Бала тыр жалаңаш жатты, ешбір киімі жоқ. Дәрігер сол күні туған туылған болуы керек деді. Ұл бала екен, қазақ баласы сияқты.
Ал бұл сол қоқыс алаңында қораптан табылған нәрестенің өзі. Әзірге зейнеткердің тілегімен Шыңғыс деген ат қойылған. Бірер сағатқа далада жатып қалғандықтан, аздап суық тиіпті. Десе де өміріне ешбір келер қауіп жоқ. Қазір тастанды дәрігердің қарауында.
Гүлназ Жайлыбаева, Алматы қалалық балалар аурухасының бөлім меңгерушісі:
— Суық тану белгілерімен 19-ы күні сағат бір жарымдарда түсті. Ауырлық жағдайына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Салмақ қосып жатыр.
Полиция көкек анаға іздеу жариялаған. Ал шақалақты Кәмилә Мұсабаева бауырына басқысы келеді. Бірақ оған жасы кедергі келтіріп тұр. Заң бойынша бала асырап алушы 45-тен аспауы тиіс екен. Бірақ Кәмилә апа оның да жолын өзінше реттеп қойыпты.
Кәмилә Мұсабекова, Алматы қаласының тұрғыны:
— Үлкен балам үйленген, үш баласы бар. Жағдайы жаман емес, Елқатарлы, жұмыстары бар. Сол баланың атына аламыз. Мен оны өзім бағып-қағып өсіремін.
-Енді бірер айда кішкентай Шыңғыс сәбилер үйіне жіберілмек. Содан кейін егер тастап кеткен анасы табылмаса және сот оң шешімін берсе, Мұсабековтар отбасы оны асырап алуға мүмкіндік алмақ. Қазір құжат жағы рәсімделуде.