Тура бір айдан кейін еліміздің ең айтулы ән мерекесі – «Алматым — іңкәрім менің» фестивалі басталады. Қазір кешті ұйымдастырушы топ та, оған қатысу бақытына ие болған әншілер де қызу дайындық үстінде.
Ақкенже Әлімжан – биыл ретро-фестивальге қатысуға мүмкіндік алған жас әншінің бірі. Бірақ оған вокалдық жағынан ең қиын ән бұйырыпты.
Ақкенже Әлімжан, әнші:
-Енді «Алматы — менің алғашқы махаббатым» фестиваліне бұл менің бірінші қатысуым. Ұйымдастырушылардың қабілетімізге қарай бөліп берген әндері – Кайли Миноугтің әні. Жалпы, фестиваль біз бала күнімізден көріп, өсіп келе жатқан фестиваль.
Ал студияға кіруге кезек күткен кей әншілердің арасында дайындығын далада да пысықтап жатқандары бар. Мәселен, «Ринго» тобындағы Даниярға айналасындағы балалар шуы да кедергі емес тәрізді. «Алматым – іңкәрім менің» ретро-фестиваліне биыл 15 жыл толды. Сондықтан кештің стилі де ерекше мәнерде таңдалған. Яғни, шараға биыл «О… марапаты» деген атау беріліпті. Бұл – фестиваль Голливудтағы «Оскар» сыйлығын тапсыру мерекесіне пара-пар деңгейде өтеді деген сөз. Осы 15 жыл ішінде ән мерекесінен бір рет те қалыс қалмаған 15 өнерпазға арнайы аталымдар да тағайындалған.
Сонымен, 6 қыркүйекте Алматыдағы Халықаралық трамплин кешенінде дәстүрлі ретро ән мерекесі шымылдығын түреді. Әрине, аты әлемге мәшһүр қонақтар болады мұнда. Бұл жолы Ресей эстрадасының сары шашты ханзадасы Николай Басков пен әйгілі «үш ноянның» бірі Михаил Боярский шақыртылыпты. Десе де басты қонақ бұлар емес. Тек әзірге ұйымдастырушылар көпшілігінің есімін ашып айтқысы жоқ.