Алматы қаласының тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айзат Молдағасымова жұмысқа шықты. Ол үй карантинінде болған, деп хабарлады Caravan.kz медиа-порталы sputniknews.kz-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері коронавирус жұқтырған жолаушымен бір ұшақта болғаны хабарланды.
"Наурыздың 10-нан 24-не дейін үй карантинінде болдым. Дәрігер менің жұмысқа шығуыма болатынын айтты. Екі рет сынама тапсырдым, вирус жұқтырмағанымды көрсетті", — деді ол баспасөз мәслихатында.
Молдағасымова коронавирус бойынша қауіпті саналмайтын елден Германия арқылы транзитпен ұшқанын айтты.
"Германия вирус қаупі бойынша екінші санатта болатын. Мен транзиттік аймақта небәрі бір жарым сағат болдым", — деді ол.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 79 адам коронавирус жұқтырды. Елордада — 41, Алматыда -31, Қарағандыда — 2, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкентте 1 жағдайдан тіркелді.