Жарияланды: 590

Алматының даму бағдарламасы қала тұрғындарының ашық талқылауына түседі

Алматының даму бағдарламасы қала тұрғындарының ашық талқылауына түседі

Алматы әкімдігінде қаланың 2020 жылға дейін Даму бағдарламасын жасау бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.

Жиын барысында қаланың даму бағдарламасын қабылдау кезінде қала тұрғындарының пікірі ескерілетіні айтылды.

Бағдарлама жобасы ертең almaty.gov.kz сайтында жарияланып, көпшіліктің талқысына түсетін болады. Қала тұрғындары келесі айға дейін ұсыныстарын almaty2020@a-a.kz электронды мекенжайына жібере алады.

Бұл - Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспарының 100 нақты қадамын іс жүзінде жүзеге асырудың бір тетігі, дейді мамандар.

Аталған жобаны жасауға мемлекеттік органдардың ғана емес, белгілі  «МcKinsey&Company» компаниясының сарапшылары тартылды.

Сондай-ақ, даму бағдарламасын жан-жақты талқылайтын қоғамдық кеңес құрылады. Оған қаладағы беделді үкіметтік емес ұйымдар мен қаржы институттарының, салалық қауымдастықтардың өкілдері, қоғам қайраткерлері кіреді. Жақын арада салалық топтардың сұхбат алаңы ұйымдастырылады.

«Алматы-2020» бағдарламасында дамудың 7 негізгі бағыты қарастырылған: жайлы қала, қауіпсіз қала, әлеуметтік қала, экономикалық тұрақты қала, жеке капитал мен бизнеске жайлы қала, белсенді азаматтар қаласы, бейімделген қала.

«Қаланың ең басты байлығы  адамдар, олардың шығармашылық әлеуеті мен ақыл-ойы. Қазіргі таңда ешбір қаланың дамуы тұрғындардың белсенді араласуынсыз шешілмейді. Ортақ мәселені шешуге бағытталған ортақ мүдде қала дамуының басты қозғаушы күші. Алматы - белсенді азаматтар қаласы. Мұнда азаматтық қоғам ашық дамып келеді», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін