Жарияланды: 630

"Алматы-Ыстықкөл" халықаралық қоры 2004-жылы аймақтық даму концепциясын ортаға салмақ

Алматы қалалық әкімшілігі, Қырғызстан үкіметі мен Швейцарияның тұрғын үй және жол құрылысы Қауымдастығы (ASH) бірлесіп коммерциялық мақсатты көздемейтін халықаралық "Алматы-Ыстықкөл" қорын құрған. Аталмыш қор 2004-жылы аймақты ұзақ мерзімді дамыту концепциясының жобасын жасап , екі ел үкіметіне ұсынбақшы. Концепцияның басты бағыты - туризм саласын дамытуды көздейді. Бұл туралы бүгін, 24-маусымда қордың тұсаукесерінде Алматы әкімі Виктор

Храпунов хабарлады. ASH президенті Роже Дюбуаның айтуынша, қордың мақсаты - көптеген қасиет-қырларымен Швейцарияға ұқсас келетін Алатау өңіріне Швейцарияның озық тәжірибесін әкелу болып табылады. Алдын-ала жоспарланғанындай, концепцияның басты арқау-негізі - Алматыдан Ыстықкөлдің солтүстік жағалауында орналасқан Бөстері ауылына дейін таудағы 80 шақырымдық теміржол тарту болып табылады. Темір жолдың айналасында канатты жол, автокөлік жолдары, фуникулер тәрізді екінші деңгейлі көлік жолдарынан құралған инфрақұрылым мен туристік және тау шаңғысы базасы, қонақүйлер мен ауылдар бой көтереді деп күтілуде. Жоба нысандарды салу және тұтыну барысында табиғи тепе-теңдікті бұзбайтындай жағдайда, аймақтағы табиғи ахуалды ескере отырып жасалады дегенге Р.Дюбуа сендіруге тырысты. Атап айтсақ, концепцияда ауыз су мен ағызынды суларды тазарту қондырғыларын салу, жекелеген аудандарда спорт пен туризмнің жекелеген түрлерін дамыту жөніндегі ұсыныстар дәйектеліп, жиҺанкездерді діттеген жерге жеткізуге арналған ең тиімді көлік түрлері ұсынылмақ. Аймақты жоспарлы түрде біртіндеп игеру мақсатымен жоба көп сатылы жасалады. Болашақта соның арқасында бұл өңірде мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Қырғызстан президентінің кеңесшісі Ташкул Керексизовтың айтуынша, Орталық Азия, Ресей мен Қытайда тұратын 200 млн. адам Алатау айналасындағы болашақ туристік аймақтың потенциалдық клиенттері болмақ. В.Храпуновтың айтуынша, жобаның таудағы темір жолды салуға бағытталған бірінші сатысы шамамен 5 жылда жүзеге асырылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть