Америкада қара нәсілді жігітті атып өлтірген полицей ісіне өкінбейтінін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 491.37
  • 570.48
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Америкада қара нәсілді жігітті атып өлтірген полицей ісіне өкінбейтінін айтты

Америкада қара нәсілді жігітті атып өлтірген полицей ісіне өкінбейтінін айтты

АҚШ-тың Фергюсон қаласына осымен екінші күн жұрттың назары ауып отыр. Кешегі тәртіпсіздіктердің қайталанбауы үшін қазір әскерилер тартылуда. Көптеген ғимараттар қиратылып, бір адам қаза тапқан. Оның өлі денесі жанып кеткен көлік ішінен табылып отыр. Ал бас көтерулер Фергюсон қаласы мен Миссиру штатының ғана емес, АҚШ аумағынан шығып кетті. Осыдан бірнеше сағат бұрын жаппай ереуіл Канаданың Торонтосында ұйымдастырылды. Мұның бәрі полиция қызметкерінің қара нәсілді адамды атып өлтіруіне қатысты болып отыр.

  • 27 Қараша 2014
  • 255
Фото - Caravan.kz

Ұшқыннан жалын лаулады. Кішігірім Фергюсон қаласындағы қарсылық шарасы бүкіл ел аумағына тарап үлгерді. Қазір 37 штаттағы 115 қалада ереуілдер өтіп жатыр. Оның ең ірісі Нью-Йоркта. Мыңдаған адам тек көшеге шығып қана қоймай, ірі тас жолдардың бірін жауып тастады. Салдарынан Нью-Жерси штатына баратындар жолынан қалды.

Брит Шуте:

-Америка кезекті рет полицияның тек байлар мен ақ нәсілді адамдарды ғана қорғайтын күш құрылымы екендігін көрсетті. Полиция өзі қорғауы тиіс жұртқа қарсы шығып отыр.

Лос-Анжелес, Бостон мен Вашингтон. Батыс жағалаудан бастап Шығыс жағалауға дейінгі қалалардың географиясы ауқымды. Бірақ барлығының ұраны бір. Олар «Әділдік жоқ болса бейбіт өмір жоқ» және «Қара нәсілділердің де өмірі маңызды» деп айтуда.

Десе де, бүкіл әлем назары қазір Фергюсонға ауып отыр. Миссиру штатының губернаторы ұлттық гвардия сарбаздарын қалаға енгізуді жөн көрген. Екі күн бұрын әскерилердің саны 700 болса, қазір 2200-ден асып жығылады. Олар бес қаруын сайлап, қаланың әр аумағындағы тәртіпті қадағалауда. Бірақ осындай алдын алу шарасы да нәтиже бермеді. Наразы топ полицияның қызметтік көлігін өртеп жіберді.

Ал ауқымды тәртіпсіздіктің себепкері Даррен Уилсонды сот ақтап шығарса, өзі телеарналардың біріне сұқбат берді. Оның сөздері жағдайды тіпті ұшықтырып жіберуі мүмкін. Себебі полицей адам өлтіргені үшін өкінбейтінін айтқан.


Даррен Уилсон, полиция қызметкері:

-Бұл соншалықты қиын деп айта алмаймын. Қиналғаным шамалы. Менің арым таза, себебі мен өз міндетімді атқардым. Жақсы атқарған сияқтымын.

АҚШ билігі қоғамның қарсылығына қарамастан сот шешімін қайта қарау жайлы сөз қозғаған да жоқ. Ал құқық қорғау орындары өкілдерінің айтуынша, шерушілерді тек күш қолдану арқылы сабасына түсіру қиынға соғады.