Жарияланды: 630

Ақмола облысы жер сілкінісінен зардап шеккен Жамбылдықтарға арнап әкі пәтерлі 15 үй салып бермек

Ақмола облыстық әкімшілігі жер сілкінісінен зардап шеккен Жамбылдықтарға қол ұшын беру жөніндегі жедел штаб құрды.

Ақмола облыстық әкімшілігінің ішкі саясат департаментінен KZ-today тілшісіне хабарлауынша, штаб Жамбыл облысының аумағында жер сілкінісінен зардап шеккендерге арнап әкі пәтерлі 15 үй салып беру туралы шешім қабылдады. Департамент мәліметіне жүгінсек, үйлерді салуға арналған қаржы толықтай Ақмола облыстық бюджетінен бөлінеді. Құрылыс жұмыстары 10-маусымнан басталып, бір айда аяқталады деп күтілуде. Ақмола облыстық сәулет-құрылыс, тұрғын-үй -коммуналдық және жол шаруашылығы басқармасы құрылыс салынатын жерге үш құрылыс инженерін жіберді. Олар құрылыс жұмыстарын үйлестіру, сметалық-жобалық құжаттармен қамтамасыз ету, жергілікті құрылыс-монтаж жұмыстарын бақылау және сәулет мекемелерімен тиісті келісімдер жасау жұмыстарын реттеумен айналыспақ. Сонымен бірге, департамент мәліметі бойынша,облыстағы барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, шаруашылық субьектілері мен ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары жер сілкінісінен зардап шеккендерге арнап бір күндік жалақысын аударған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть