Ақмола облысында мыңдаған гектар бидай мұздың астында қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 489.39
  • 567.5
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысында мыңдаған гектар бидай мұздың астында қалды

Ақмола облысында мыңдаған гектар бидай мұздың астында қалды

Ақмола облысының шаруалары шаш етектен шығынға батты. Мыңдаған гектар бидай ақ қар, көк мұздың астында қалды. Үміттері үзілген диқандар алқаптардан ауыл шаруашылығы техникасын шығарып жатыр. Ал орып үлгерген өнім тек мал азығына ғана жарайды. Тақырға отырған шаруа қожалықтарының жұмысшылары тіпті айлап еңбекақы алмаған.

  • 8 Қараша 2014
  • 529
Фото - Caravan.kz

Маңдай термен өсірілген дәнді дақыл ысырап болып далада жатыр. Мыңдаған гектар бидай, арпа, майлы дәнді дақыл масақтары мұз болып қатып қалған.

-Қар соңы толассыз жауған жаңбырға ұласып, жерде қалған астықты жинау мүмкін болмай отыр. Қазір шаруалар батпаққа айналған алқаптан техникаларын әкетіп жатыр. Олар амалсыздан ендігі алынбаған астыққа көктемде ораламыз, — дейді.

Жұмыстарын соңына дейін жеткізе алмаған шаруалар қырман басында сенделіп жүр. Тек осы бір шаруа қожалығына ғана тиесілі 6 мың гектар жер орылмаған.

Тайкен Табылдинов, шаруа қожалығының басшысы:

-Атжалға шыққанбыз. Бірақ  кіре алмай қойдық. Атжалдың бәрі тегіс су. Оны біз комбайн кіргізіп орғанымен түк те өнім алмаймыз. Шығын көп. 

Көктемде қар астынан шыққан астықты жинап алған күннің өзінде ол тек жемге ғана жарайды. Қазір қырманда жатқанының өзін кептіру үшін қыруар қаражат қажет.


Олжабай Тілеуғабылов, агроном:

-Міне мына бидайды өзіңіз көріп тұрсыздар. Піспеген көк бидай да бар. Нанға жеткізу үшін көп-көп проблема бар. 

Александр Ярмолович, жұмысшы:

-2 ай болды күндіз түні жұмыста жүрміз. Еңбекақы алған жоқпыз. Жағдай қиын. Бізде ғана емес, Солтүстік өңірлердің барлығында астық далада жатыр.

Өнім сапасы нашар болған соң сату бағасы да төмен. Сондықтан жиылған астығынан пайда көре алмай отырған шаруа қожалықтары диқандардың жалақысын төлеп үлгермеген. Ал шенеуніктер Ақмола облысында 4 миллион 700 мың гектарға себілген дәнді дақылдардың тек 3 пайызы ғана далада жатыр деп жоғарыға ақпар берген. Алайда біз куә болған Сандықтау, Зеренді, Бурабай, Бұланды аудандарындағы мыңдаған гектар құлатылып қар астында қалған астықты есепке алмаған сияқты.