Ақмола облысында жұрт әкім Кулагин салып берген үйлерден бас тартып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 472.62
  • 513.22
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысында жұрт  әкім Кулагин салып берген үйлерден бас тартып жатыр

Ақмола облысында жұрт әкім Кулагин салып берген үйлерден бас тартып жатыр

Кулагин салып берген жаңа үйлер көпшіліктің көңілінен шығып отырған жоқ. Көктемде үйлерін су шайған Оразақ ауылының жұрты Ақмола облысының әкіміне өкпелі. Өйткені, уәде етілген үйлердің көбі дайын емес. Ал тасқыннан жапа шеккен тұрғындар әлі мектепте түнеп жүр. Тіпті дайын деп бергендерінің өзі атүсті жасалған дейді оразақтықтар. Бюджеттің миллиондарына тұрғызған сол үйлердің олқылықтары ай өтпей жатып көріне бастапты.

  • 13 Қараша 2015
  • 382
Фото - Caravan.kz

-Мына жерден бірінші кетті. 8 метрге дейін көтерілді ғой су.

Науқан Еженов көктемгі су тасқынын қорқынышпен еске алады. Сол кезде Нұра өзенінің бөгеті жарылып Оразақ ауылындағы 200 үйді су шайып кеткен еді. Сол кезде арнайы құрылған комиссия бұл үйлерді жарамсыз деп танып, орнына қазан айына дейін жаңа баспана тұрғызып беруге уәде еткен. Бірақ жұрттың біразы қақаған қыс келгенде әлі далада тентіреп жүр.

Гүлбаршын Махметова, Оразақ ауылының тұрғыны:

-Мынаның бәрі міне су астында қалған. Оның біз біреуін алмаймыз. Керек емес. Үкімет өзі бізге үй берсе болды. Басқа түкте сұрамаймыз. Балаларым аман отбасым аман соған тәуба.

Оразақта Гүлбаршын сияқты пәтерін алмаған 50 отбасы бар. Жартысы баспанасы салынғанша ағайын туысты жағаласа, қалғаны амалсыз құлағалы тұрған үйде үреймен тұрып жатыр. Тіпті, шиеттей бала-шағасымен бірге мектепке жайғасқандар да жетіп артылады. Оқушы партасында ас ішіп, кітап сөресіне дүние мүлкін жинап қойған.

-Үйсіз далада қалғандардың біразы осы ескі мектепті пана етіп отыр. Пана деген аты болмаса мұнда тұруға мүлдем жарамыз. Өйткені, ғимаратта су мен жылу жоқ. Сондықтан бүрсеңдеген жұрт осындай пештермен күнелтіп жүр.

Ал,тасқыннан зардап шеккендерге арналған үйлер әлі салынып жатыр. Құрылысшылар қыс түссе де асықпайтын секілді. Барар жері жоқтары  қазірден кіріп алған. Бірақ сапасына ешкімнің көңілі толмайды.


-Міне, салып берген үйлеріңіздің сапасы. –Бізге халыққа ұсынып жатқан үйіңіз осы ма?

Сапаға көңілі толмағандықтан үйсіз жүргендер Астанаға жақын Қосшы, Ақмол ауылдарынан үй сұрап отыр. Оразақтың 27 адамына сол жақтан баспана берілген екен. Енді барлығы жаппай сонда көшуді қалап отыр.

Берікжан Әбутәліпов, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары:

-Оразақтың кісілеріне Оразақтан беру керекпіз. 27 пәтер неге Ақмолдан болатын болды десеңіз, ол жақта артық қалған. Сол үшін бос қалмасын деп мына жерде 27 пәтерді аз салып, адамдарды сонда жібердік.

Бірақ, артық үй таратылып болған соң, Оразақ жұртына Ақмолдан шаршы метрлер бұйырмайтын секілді. Олардың ендігі амалы құрылыстың аяқталғанын күту ғана. Ал, баспананың сапасына әкімдік екі жыл кепілдік беріп отыр. Егер осы уақытта үйден кем-кетік шықса жөндеп береміз деп сендіреді. Алайда бұған ешкімнің сенгісі жоқ.