Аққу тек ақ түсті болмайды. Шымкентке қара түсті аққулар әкелінді - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Аққу тек ақ түсті болмайды. Шымкентке қара түсті аққулар әкелінді

Аққу тек ақ түсті болмайды. Шымкентке қара түсті аққулар әкелінді

 

  • 21 Қараша 2018
  • 157
Фото - Caravan.kz

Шымкент зообағына Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан 4 бас қарақу әкелінді. Қыркүйек айында сарыағаштық жеке кәсіпкерден сатып алынған қарақулардың екеуі – аталық, екеуі – аналық. Олар қазір өзара жұп құрып, тіршілік етіп жатыр. Аққудың мұндай түрі Шымкент зообағында бұрын соңды болмаған.

Шымкент қалалық зоологиялық бағының ғылым бөлімінің берген мәліметінше, қарақудың қауырсындары мен табаны шымқай қара болады. Тек қанатының астында ғана әдетте байқалмайтын ақ қауырсындары бар. Қарақудың мойны басқа аққулармен салыстырғанда өте ұзын, сондықтан да жем іздегенде су астына мейлінше тереңірек сүңги алады. Ересегінің тұмсығы ашық қызыл түске боялады. Бірақ, бұл оның жұп құруға дайын екенін білдірмейді. Қарақулар 2-2,5 жасынан жыныстық жетіледі.

«Қазақстанда мекендейтін сыбырлақ және сұңқылдақ аққулармен салыстырғанда қарақулар отырықшы құстар. Ұясының орнын ауыстырмайды. Тек жыл сайын кем-кетігін жөндеп, жақсартып отырады. Қандай да бір қауіп төнсе, ұясын басқа жаққа салады. Бірақ бастапқы ұяның орнынан алысқа бармайды. Ұзаса 100 метр қашықта болады», — дейді зообақтың биолог-экскурсовод маманы Бақыт Оразбаева.

Оның айтуынша, балапанын қоректендірумен аталығы да аналығы да қатар айналысады. Әдетте ұясына 6-8 жұмыртқа салады. Балапанын 5 айға дейін қоректендіреді. Тек содан кейін өз бетімен тіршілік етеді.

«Қазір біздің зообақтағы қарақулар мұндағы жағдайға әбден үйренді. Екі жұп қарақу бір вольерде ақбас қаздармен бірге суға жүзіп, сүңгіп, көршілес мекен етіп жатыр. Алдағы уақытта осы бір ғажап құстар жұмыртқа басып, балапан ашады деп үміттенеміз. Бұлардың жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайды жасаймыз», — дейді Бақыт Оразбаева


Қазіргі таңда Шымкент зообағында құстардың 82 түрі мекендейді. Мұндағы құстардың жалпы бас саны 364-ке жетеді. Олардың арасында 2 бас сұңқылдақ аққу, 3 бас сыбырлақ аққу бар.

Айта кетсек, Шымкент зообағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту мақсатында 1980 жылы құрылған. Ол кезде зообақта 75 түрлі аң болса, бүгінде жануарлардың түрі 847-ге жетіп, жалпы саны 2 500-ге жуықтаған. Зообақтың жалпы аумағы 29 гектарды құрайды. Оның 19 гектары түрлі экспозицияға арналған.

Қазақстанның үш қаласында зообақ бар. Оның ең үлкені Шымкент қаласында орналасқан. Шымкент зообағы ЕАРАЗА-ға, яғни Еуразиялық аквариумдер мен зообақтар қауымдастығына мүше.

Зообаққа кіру ақысы ересектерге – 300 теңге болса, 6-17 жас аралығындағы адамдарға 150 теңге. Ал 6 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.

Соңғы жаңалықтар