Ақшалары тасыған шымкенттік кәсіпкерлер зираттағы жерді мүрделерімен қосып сатып алып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақшалары тасыған шымкенттік кәсіпкерлер зираттағы жерді мүрделерімен қосып сатып алып жатыр

Ақшалары тасыған шымкенттік кәсіпкерлер зираттағы жерді мүрделерімен қосып сатып алып жатыр

Шымкенттік бизнесмендер зираттағы жерді мүрделерімен қосып сатып алып, кәсіп етіп жүр. Шымқаланың орталығындағы соғыс ардагерлері көмілген бейітті бәзбіреулер сатып алып, көлік тұрағына айналдырса, тағы 12 сотығы жанармай құятын станцияға арналыпты. Ал бұл жерлердің астында ондаған мүрде жатқан көрінеді. Осы мәселені кездейсоқ біліп қалған шымкенттік депутат Нұрғазы Бұхарбаев енді байбалам салып, әруақтарды жайына қалдыруды сұрап жүр. Жаға ұстатарлық оқиға жөнінде Бек Әбиев әңгімелейді.

  • 9 Тамыз 2014
  • 540
Фото - Caravan.kz

Қанша жылдан бері қалалық мәслихатта депутат болып, талай сұмдықты естіп-біліп жүрген Нұрғазы Бұхарбаев бұл жолғы жәйт бәрінен асып түсті дейді. Шымқаланың қақ орталығындағы жүздеген мүрде бар зираттағы 20 сотықтан астам жер жекеменшікке сатылып кеткен. Негізінен соғыс ардагерлері жатқан бейітте қазір көмілетін жер де жоқ. Яғни 20 жылдан астам уақыт бұрын жабылған екен. Соған қарамастан 2006 жылы бұл жерге екі мемлекеттік акт беріліп, жер жекенің қолына өтіпті.

Нұрғазы Бұхарбаев,  Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

-Мынаның бәрін бұзуға, бәрін құртуға рұқсат беріп, осының бәрін істеп жатқан адамдарды түсінбеймін. Оның адамгершілігі де жоқ, Құдайшылығын да ұмытқан адамдар. Былай айтқанда өздерінің де жаңағыдай осы жерде туыстары жатса не болар еді деген әңгіме ғой. Олар ол кезде ойламайды ма, болмаса осындай жағдайға жетпейді ма. Олар не мәңгі өмір сүре ме?  Соны ойламайды екен да.

Мұнда қазірдің өзінде айналасын қоршап жұмыс істеп жатқан кәсіптік нысандар бар. Ең қызығы, мүрденің үстіне кім бизнес жасауға рұқсат бергенінде болып отыр.

Бұл зираттың жабылғанына 20 жылдан асып, осы уақыт аралығында зират қараусыз қала бастаған. Осыны білген бизнес пен билік өкілдері адам сүйектерінің үстінен ақша жасауға әрекеттенген сыңайлы. Заңды құжаттарға сүйенсек, міне мына жерде алдағы уақытта жанар-жағар май құю стансасы салынбақ. 

Заң бойынша, бейіттерде көмілетін орын таусылғанда ол жабылып, тек 50 жылдан кейін онда саябақ қана салуға болады екен. 


Алдарқұл Ахметов, Оңтүстік Қазақстан облыстық коммуналдық нысандарды санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы:

Біріншіден, мүрделерді ашу үшін ол арнайы  органдардың рұқсаты керек. Екіншіден, оны қазғаннан соң, мүрделер бұзылады. Ол мүрделерді басқа жерге көшіру керек. Оны басқа жерге көму керек. Үшінші мәселе, ол енді мынау инфекциялық жұқпалы аурулар соның көзі болып табылуы мүмкін.

Қазір облыстық прокуратураға депутаттық сауал жіберілді. Осы арқылы нақты қанша мүрдеге зиян келгені белгілі болуы керек. Және өлілер мекенінен ақша жасағысы келген шенеуніктер де тексерілетін болады. Алайда әруақтан қорықпағандар депутаттың ашуынан ықпайтын да сияқты.