АҚШ-та қос қазақ студентіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 467.65
  • 533.26
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
АҚШ-та қос қазақ студентіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті

АҚШ-та қос қазақ студентіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті

Бостондағы лаңкестікке қатысы бар деп айыпталған қос қазақ студентіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Америка уақыты бойынша тал түсте басталған процеске Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжияқовтың туыстары түгел келді. Ал АҚШ-тың белді ақпарат құралдары бюджет ақшасын шығындамай, тез арада елден аластау керек деп шулап жатыр. Батыстағы сойылы мықты FOX NEWS телеарнасының өзі Қазақстан азаматтарын депортациялау қажет дейді.

  • 15 Тамыз 2013
  • 503
Фото - Caravan.kz

АҚШ-та құрықталғанқос студент Азамат Тәжияқов пен Диас Қадырбаевтың туыстары таялы тұяғымен сот ғимаратына таяды. Көптен күткен іс басталарда тілшілердің де тынышы кетіп тыпыршыды. Ал Азамат пен Диасты шынжырлап байлаған құқық қорғаушылар да арнайы көлікпен кеп жетті. Отандастарымыз Бостондағы жарылысқа айыпты лаңкес Джохар Царнаевқа жәрдем жасады деп айыпталуда, әрқайсысы 25 жылға бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін. Ал қос әке абайсыз арандап қалған балаларының еш кінәсі жоқ екенін айтып шорт кесті.

Абсолютно не виноват, это я не одному родителю я не желаю. Не виновен. На сердце боль.

Сотқа Азамат пен Диас Америка түрмесінің сары киімімен жеткізілген аяқ-қолдары кісендеулі. Екеуі де өздеріне тағылған екі бөлімді айыпты мойындамайтынын кесіп айтты. Кеше қазақстандықтар қылмыстық істің құпиялық дәрежесін алып тастауды талап етпек болған. Бірақ сотқа қатысушылар құрамы түгел болмай талап-тілек айтылмады. Себебі Диас пен Азаматтан бөлек Америка азаматы Робел Филлипос та лаңкестерге жәрдемдесті деп айыпталған. Бірақ оған ресми айып тақпапты АҚШ құқық қорғаушылары, сол себепті ол бүгін сот залына әкелінбеді. Ал қос студенттің туыстары енді істі басқа штатта өткізуді сұраймыз деп бекініп отыр.

Әмір Исмағұлов, Азамат Тәжияқовтың әкесі (SKYPE арқылы):   

 АҚШ заңы бойынша алқабилер құрамы қылмыстық іс туралы сот процесінде ғана білуі керек. Бірақ бұл іс Бостонда кеңінен талқыланды. Жергілікті БАҚ балаларымыз айыпты деген қоғамдық пікір қалыптастырды. Сондықтан олар бұл істі сотқа келмей тұрып біліп алған. Сол себепті істі басқа штатта қарауды талап етеміз.

Қос қазақ студентін ақтап алуға қауқарлымыз деген адвокаттар туыстардың бұл талап-тілегін құп алыпты. Бірақ Америка соты Бостондағы жаралысқа қатысты процесті басқа штатқа ауыстыруға құлықты болуы екіталай екенін айтады.


Аркадий Бух, Азамат Тәжияқовтың адвокаты (SKYPE арқылы):   

 Қылмыстық істі басқа штатта қарау туралы талапты дайындап қойдық. Бірақ мұндай талап-тілектер Америка соттарында үнемі қабылданбайды. Дегенмен байқап көреміз, мүмкін біздің жолымыз болар.

АҚШ прокурорлары Азамат Тәжияқов пен Диас Қадырбаевқа тағылған айыптарды дәлелдеу үшін 2 аптаға жуық уақыт кететіндігін айтқан және сотқа 20-ға жуық куәгер әкелуді көздеп отыр. Ал Американың БАҚ өкілдері керісінше қос студентті тез арада елден қуып шығу керек дейді. Себебі оларды соттаған күннің өзінде бюджеттен мыңдаған доллар шығындалатын көрінеді.

Ақшамызды үнемдеу үшін қос қазақты елден қуып шығу керек. Алдымен лаңкестер туралы толық ақпаратты айтқызып кейін Америкаға мүлдем кірмейтіндей қылып жазалау қажет. Өйткені оларды 20 жыл асырап абақтыға қамау өзімізге шығын.

Ауыз өзімдікі деп аттандай кеткен Америкалық ақпарат құралдарының сауырына кімнің қамшы салғаны беймәлім. Бірақ бұлардың бұлай шыр-пыр болатында жөн бар. Өйткені мұхиттың арғы бетіндегі қарапайым елдің көбісі қазір қос қазақ азаматының кінәсіз екенін жиі айта бастапты. Сот процесі міне осылайша бастау алды, енді адвокаттардың айқасы болады. Қос қандасымызға қатысты қозғалған қылмыстық іс сотта енді 26 қыркүйекте қаралады деп кесілді.