Бұл туралы РМК директоры Талғат Әбілғазин KZ-today тілшісіне хабарлады.
Оның айтуынша, аталмыш бағыт техникалық тұрғыда сынақтан өткізіліп, жалпы жүк тасымалдауға, соның ішінде мұнай тасымалдауға арналып отыр. Т.Әбілғазиннің пайымдауынша, бағыт биылғы жылы іске қосылады.
Бұл бағытта 24 вагонға есептелген Ресейдің «Петровск» паромын пайдалану жоспарланған. Тасымалданатын жүк көлемінің шектеусіздігіне және арзандығына байланысты паром қатынасы қазір автокөлік тасымалымен салыстырғанда артықша тиімді деп саналатыны белгілі.
Қазақстандық энергия көздерін Махачкала арқылы тасымалдау ауқымын кеңейтуге мүмкіндік толық. Сол себепті Ресей жағы Қазақстан мұнайын Махачкала айлағы арқылы тасымалдау ауқымын жылына 5-7 млн. тоннаға дейін жеткізуді межелеп отыр.
Махачкала арқылы мұнай тасымалдау көлемін ұлғайту жұмыстары Ресей аумағы арқылы ұзақ мерзімді транзитті мұнай тасымалдау жөніндегі Қазақстандық концепцияға сәйкес және Балтық құбыр жүйесін дамытуға Санкт-Петербург өңірінде Қазақстанды да қатыстыру, сондай-ақ, Солтүстік теңіздегі мұнай саудасына Қазақстанды да қатыстыру мүмкіндігі туралы жоспарлар аясында жүзеге асырылып отыр.