Жарияланды: 710

Ақтауда Құрманғазы кенішін игеруге қатысты қоғамдық тыңдау өтті

Ақтауда Құрманғазы кенішінде алдағы уақытқа жоспарланған барлау ұңғысын бұрғылау жұмыстарына байланысты қоғамдық тыңдау өтті.

Тыңдау - Каспийдің Қазақстандық бөлігіндегі көмірсутегі қорын игеру бағдарламасының бір құрамды бөлігі болып табылатын Құрманғазы жобасын дамытудың маңызды сатысы болып табылады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. Тыңдаудың мақсаты - Маңғыстау және Атырау облысы тұрғындарын "Құрманғазы" жобасы, оның мәртебесі, биылғы жылға жоспарланған барлау ұңғыларын бұрғылау жұмыстарының бағдарламасы туралы ақпаратпен таныстыру болып табылады,- деді "ҚазақМұнайТеңіз " теңіз мұнай компаниясы ЖАҚ-ның бас директоры Бақтықожа Ізмұхамбетов . Қоғамдық тыңдау Ақтау және Атырауда өткізілуде. Тыңдау - жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалауға арналады. Тыңдау шарасының ұйымдастырылуы Ұлттық "ҚазақМұнайГаз" компаниясы мен Ресейлік "Роснефть" мұнай компаниясының Құрманғазы жобасын жүзеге асыра бастауының айғағы болса керек. Қазақстан заңдарына сәйкес қандай да мұнай операциясын қолға алмас бұрын оның қоршаған ортаға әсерін бағалау керек. Мұндай тыңдау - жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалаудың мемлекеттік экологиялық сараптамасында қарастырылған міндетті процедура болып табылады. Жұмыстардың дайындық және қорытынды сатысы болып табылатын бұрғылау кешендерін бұрғыланатын нүктеге орналастыру және бұрғыланған ұңғымаларды жою кезеңінде қоршаған ортаға ең үлкен нұқсан келеді деп күтілуде. Қоршаған ортаға ең аз әсер ететін бұрғылау кешендерінің бұрғылау алаңында орналасуы мен атмосфералық бассейнге тигізетін әсерін ескермегенде акваториядағы қоршаған ортаға кез-келген әсер құрыш құбырлармен қоршалған шектеулі кеңістікте өтеді. Бұрғылау кешендерін жерге бекіту барысында теңіз түбі мен теңіз түбіндегі шөгінділерге жоғары деңгейде әсер-нұқсан тиеді деп күтілуде. Бұрғылау кешендері мен кемелердің күш қондырғыларын салқандату үшін су алу - өсімдік және жан-жануарлар планктонына әсер ететін негізгі фактор деп саналады. Ал бұрғылау кешендерін орнатқан және оларды қайтадан алған кезде шектеулі алаңда зообентосқа кері әсер тиеді. Ал балықтар әлемі, құстар мен итбалықтарға теңіз бетіне түн мезгілінде жарық түсіру, шуыл және тербеліс факторлары мен бұрғылау қондырғыларының акваторияда тікелей орналастырылу факторы кері әсерін тигізбек. Ұңғымаларды бұрғылау барысында түзілген барлық өнідірістік және тұрмыстық-шаруашылық қалдықтары жағалауға тасымалданып, арнаулы полигондарда кәдеге жаратылатындықтан теңіз суы мен теңіз түбіндегі шөгінділер химиялық ластанбайды. Осындай арнаулы техникалық шешімдерге байланысты жобаны жүзеге асыруда қалдықсыздық принципі бұлжытпай ұсталады. Жобаны жасаушылар жұмыстар атқарылатын аймақтың Каспийдің солтүстік бөлігіндегі арнаулы қорық аймағында орналасқандығын бірінші кезекте ескерген. Бұл аймақтағы шаруашылық қам-қарекеттер ҚР үкіметінің арнайы қаулысына және төтенше экологиялық талаптарға сәйкес регламенттеледі. Ұңғымаларды салудың техникалық жобасында қоршаған ортаға ең аз әсер ететін технологиялар мен техникалық шешімдер қарастырылған. Қазіргі ахуалға, қабылданған жобалық шешімдер мен болжанған залал-зардаптарға талдау жасай отырып, жобаның қоршаған ортаға жалпы әсері мардымсыз деп бағалауға болады. Ал жобаның әлеуметтік-экономикалық салаға тигізетін оңды әсері ұшан-теңіз : соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылады, жергілікті инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласының дамуына тың серпін беріледі, жергілікті ғылыми әлеует кеңінен қолданылатын болады, әлеуметтік салаға көрсетілетін қолдау ауқымы кеңейеді, жергілікті мамандар оқытылады, республикалық және жергілікті бюджетке түсетін алым-салық мөлшері ұлғаяды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть