Қымбат киімдерін даулап жүрген алматылық би тобының ұжымы. Астана арқылы Ақтауға гастролдетіп келген бишілер ұшақтан түсіп, жүктерін күтіп тұрған екен. Кенет ұшып келген әуе техникасы отқа оранған.
Дмитрий Мамонтов, би тобының жетекшісі:
-Бастапқыда әуежай қызметкерлері алауды баллонмен сөндірмек болды. Онысын да қолдана алмай біраз әуреге түсті. Бұл уақытта от күш алып үлгерді. Өрт сөндіру көліктері содан соң ғана келіп, жалынды басуға кірісті.
Бұл уақытта әуежайда жүгін күтіп тұрған басқа жолаушылар да әбден әбігерге түсті. Жалын күш алғанда оларды тысқа шығара бастаған. Өрт басталғанда ұшақтың ішінде экипаж командирі, техникалық қызметкерлер мен борт серіктер болыпты. Олар дереу қауіпсіз жерге шығарылған. Десе де бір инженерді жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
Медет Жиғанғалиев, Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі :
-Ешқандай күйік болған жоқ. Кішкене уайымдаған соң, қан қысымы көтерілген.Көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді.
Жалын 1 сағатта толық ауыздықталды. Тілсіз жау ұшақтың 80 шаршы метр аумағын жалмап, әуежайды да зақымдап кеткен. Ал «Боинг 737»-нің енді көкке ешқашан көтеріле алмасы анық.
Ерғазы Жолдасов, Ақтау әуежайының директоры:
— Ұшақтың ішінде неше түрлі пластмасса бар. Соның бәрі жауып қалды. Осы ұшақтың кесірінен жарты сағатқа кешігіп ұшқан рейстер болды.
Қазір арнайы комиссия құрылып, өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Жалын шарпыған «Боинг 737» техникалық бақылаудан өткен соң Ресейге ұшып кетуі керек еді.
Бұл уақытта жергілікті мамандар Боинг-737-нің өртке орануына оттегі баллонынан шыққан жарылыс себеп болуы мүмкін деп отыр. Не де болса ұшақтың өртенуі жолаушыларды қорқытып тастағанға ұқсайды. Мәселен Ақтауға гастролдік сарапмен келген би тобы қайту билетін Скат компаниясына қайта өткізбек. Тіпті олар енді қалпына келмейтін заттарының құнын да өтетіп алмақшы.