Жарияланды: 580

Ақтөбе облыстық соты "Маерск Ойл Қазақстан" мұнай компаниясына 12,5 млн. теңгенің айыппұлын салды

Ақтөбе облыстық соты Данияның "Маерск Ойл Қазақстан" мұнай компаниясын айыпты деп тауып, айыппұл төлеуге міндеттеме жүктеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Ақтөбе облыстық прокурорлық басқармасының аға прокуроры Гүлсім Сердалинаның KZ-today тілшісіне хабарлауынша, облыстық соттың шешімімен компанияға облыс экологиясына келтірген 12 млн. 622 мың теңге көлеміндегі шығынның орнын толтыру туралы үкім кесілді. Аға прокурордың айтуынша, "Маерск Ойл Қазақстан" мұнай компаниясының облыс экологиясын ластауына қарсы наразылықтар тіпті 2002-жылдың мамыр айында белең алыпты. Сол кезде Темір аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жүргізген тексерулер нәтижесінде мұнай компаниясы мұнай өндіретін кеніште табиғат қорғау заңына қайшы бірқатар жағдаяттар әшкереленген көрінеді. Сонымен бірге "Маерск Ойл Қазақстан" компаниясы ауаны ластағаны үшін жергілікті бюджетке салатын 2001-жылғы төлемдерін өтемеген. Ал 2002-жылы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аумақтық басқарма мамандарының тексеруі нәтижесінде "Маерск Ойл Қазақстан" мұнай компаниясы мердігерлерінің бірі кезекті ұңғыманы бұрғылау кезінде ауаны ластағаны мәлім болды. Аумақтық басқарма мамандары экологиялық шығын көлемін 4 млн. 512 мың теңгеге бағалаған. Аға прокурор Г.Сердалинаның айтуынша, сотта компания өкілдері Қазақстан үкіметімен екі арадағы келісімді алға тартқан. Онда "Маерск Ойл Қазақстан" мұнай компаниясы қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдерден босатылады деп көрсетіліпті. Келісім бойынша, бұл қаржыны Қазақстан жағы төлеуге тиіс. Алайда бұл ақпаратты еліміз үкіметі растамай отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть