Осы аптада мамандар тобы қырым қанды безгегі мен туляремия дерттерін жұқтырушы кенелердің ауылдық жерлерде таралу жағдайын зерттеу үшін Алға, Хобда, Әйтеке би, Ойыл және Мартық аудандарына аттанғалы отыр. Жағалаулар, егістіктер мен орманды алқаптардағы кенелер жиналып, ауру қоздырғыштары анықталады, кенелер көп жиналған жерлерде өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттік тазалық-індет бақылауы басқармасының ақпаратына сәйкес, өткен көктемде Ақтөбе облысының Ойыл ауданында адамдардың туляремия жұқтыру оқиғасы үш мәрте тіркелген. Ол кезде бұл аумақта дератизациялық шаралар жүзеге асырылды. Облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 500 мың теңге бөлінді.
Мамандардың айтуынша, кенелердің белсенділігі көктемде басталып, қазан айына дейін жалғасса, олардың сан жағынан мейлінше көбею құбылысы жаздың алғашқы жартысында байқалады.