«Ақтөбе » Румынияда өтетін қарымта кездесуге әзірлікті күшейтті - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Ақтөбе » Румынияда өтетін қарымта кездесуге әзірлікті күшейтті

«Ақтөбе » Румынияда өтетін қарымта кездесуге әзірлікті күшейтті

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Румынияның «Стяуа» командасын қабылдаған «Ақтөбе» 2:2 есебімен тең түсті. Матч барысында қонақтар екі мәрте алға шыққан. Бірақ жанкүйерлердің қызу қолдауымен жігерленген  Владимир Газзаев шәкірттері соңғы минуттарда тең есепке қол жеткізді.

  • 1 Тамыз 2014
  • 275
Фото - Caravan.kz

Бұл күні стадионда ине шаншар жер болған жоқ. Матч басталмастан бұрын барлығы «Ақтөбенің» жеңісіне сенімді болған. Төреші ысқырығы естілісімен ойын тізгінін өздеріне алған ақтөбеліктер  қақпаға бірнеше соққы бағыттап үлгерді. Марат Хайруллин мен Маркос Пизелли «Стяуа» қақпасын нысанаға алып көрген. Бірақ бірінші таймның соңында «Ақтөбе» қақпашысы Андрей Сидельниковтың өрескел қателігінің кесірінен қонақтар есеп ашып кетті. Гол авторы  Клаудиу Кешеру. Владимир Газзаевтың кеңесін тыңдап шыққан жергілікті футболшылар үзілістен кейін таразы басын теңестірді. Бұрыштамадан кейін қақпа алдындағы қарбаласты ұтымды пайдаланған Валерий Коробкинт болатын. Тең есеп матчтың 79-шы минутына дейін жалғасты. «Ақтөбе» қорғанысын бұза алмаған «Стяуа» футболшылары допты алыстан бағыттауға көшкен. Сондай  кезекті соққыдан кейін доп Андрей Сидельниников қақпасында табылды. Жақсы қақпашы жарты команда  деген. Ал 34 жастағы голкипер сындарлы сәтте өз командасын жерге қаратты. Десе де соңына дейін шабуылдаған алаң иелері өз дегеніне жетті. Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Роберт Арзуманян қортынды есепті орнатты.

Константин Гылкэ- «Стяуа» командасының бас бапкері:

-Бұл кездесу бізге оңайға соқпады. Алаңның жағдайы мәз емес. Бұл бірінші кезекте «Ақтөбе» футболшыларына басымдық берді. Мен бұл матчты жеңеміз деп жоспарладым. Енді қарымта кездесуге дайындалу керек.

 «Ақтөбе» бапкері де ойындағы басымдықты жеңіспен үштастыра алмағанына қапалы.    


Владимир Газзаев- «Ақтөбе» командасының бас бапкері
:

-Әрине біз бүгінгі нәтижеге көңіліміз толмайды. Бірақ біздің футболшылардың тактикалық ойыны жақсы жүрді. «Ақтөбе» қарсыласқа қарағанда сапалы футбол көрсете алды деп ойлаймын. Румынияда оңай болмайды. Бірақ бұл футбол. Мүмкін емес нәрсе жоқ.  

«Стяуа» мен «Ақтөбе» арасындағы қарымта матч 6-шы тамызда Астана уақытымен түнгі сағат 23:30 да Румынияда өтеді.

 

«Ливерпуль» мен «Манчестер Сити» Солтүстік америкадағы жолдастық турнирында өзара кім мықтыны анықтады.

Былтыр Англия чемпионатының бас бәйгесін өзара сарапқа салған қос команда аянып қалған жоқ. Манчестерліктер сапында  Стеван Йоветич дубль авторы атанса, Джордан Хендерсон мен Рахим Стэрлинг бір бір голдан тоғытты. Қортынды есеп 2:2. Ал матч соңындағы пенальтиде Ливерпульдік футболшылар жеңісті тойлады. Жеңіс голының авторы  Лукас Лейва.

 

Англияның «Эвертон» командасы жаңа ойыншымен толықты. Енді ливерпульдік команда сапында Бельгия құрамасының шабуылшысы Ромел Лукаку өнер көрсетеді.

«Эвертон» бұл футболшы үшін «Челсиге» 28 миллион фунт стерлинг берген. 21 жастағы шабуылшыға сондай-ақ «Тоттенхэм» мен «Вольфсбург» қызығушылық білдірген еді. Бірақ бельгиялық шебер енді «Эвертонның» тасын өрге домалатпақ. Талантты ойыншымен бес жылдық келісім шарт жасалды. Өткен маусымда Лукаку «Эвертонға» жалға берілген. Өткен маусымда ол 33 матчта 16 гол соққан болатын.