Ақтөбедегі әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде кешеден бері қарбалас. Таяққа сүйенген мүгедектер мен күңкілдеген қарттар мұнда толып жүр. Барлығының қоғамдық көлікте тегін жүруден айырған жергілікті биліктегілерге өкпелері қара қазандай. Ал оның орнына төленетін 1100 теңге өтемақыны азсынады.
Жаңатай Жақасов, екінші топтағы мүгедек :
-Не мынау? Мына араға шақ келдім. Ал мың теңге не болады? Мың теңгеге неше күн жүремін? Мың жүзбен бес-ақ күн жүресің. Болды.
Сол мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін зейнеткерлер мен мүгедектер бірнеше құжат жинауы тиіс. Оны қазір әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қабылдап жатыр. Келушілердің көптігінен мұнда ұзын-сонар кезек.
Людмила Кабанова, зейнеткер:
-Мың теңге үшін сандалтып қойды. Құжат жинап бірнеше күн жүресің. Одан қалды мында келіп кезек күтесің. Еш жағдай қарастырылмаған.
Шенеуніктер болса қарттар үшін құжат қабылдауды мерзімінен ерте бастағандарын айтады. Себебі, өтемақы туралы хабарды ести сала зейнеткері де, мүгедегі де мұнда ағылған. Кері қайтаруға дәтіміз жетпеді деп ақталды.
Мейіржан Қарақов, Ақтөбе қалалық жүмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
-Өздері азаматтардың бір-бірінен естіп келіп жатыр. Келіп жатқасын қызметімізді көрсетіп жатырмыз. Асығудың қажеті жоқ. Желтоқсан айында келіп арыз жазса да қабылдауға, тиісінше сол желтоқсан айы үшін өтемақы төленеді.
Жергілікті билік қоғамдық көліктердегі жеңілдікті әдейі қысқартқандарын айтқан еді. Себебі жолақасына кететін шығынды өздерінің қолдарына ұстатуды жөн деп санаған. Қазір қала ішіндегі автобустарда билет 55 теңге. Енді зейнеткерлер мен мүгедектерге берілетін 1100 теңгеге небары айына 20 рет автобусқа мінуге болады.