Халық арасында «Колхозный» аталып кеткен орталық базардың маңы Сапарбаев келгелі көлік кептелісінен арылып, әжептәуір ыңғайға келген. Басшылардың уәжіне сенсек, базар алдындағы саудагерлер көшенің көркін бұзып, сәнін кетіріп-ақ тұр екен. Бірақ осы жерде жылдап сауда жасап, жан бағып жүргендер жылы орындарын суытқылары жоқ.
Зәуре Сабырова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Мен 24 жылдан бері қаңғып жүрген адаммын,өзім пәтерде тұрам, бала-шағам жеткілікті. Сондықтан жетпегеннен кейін осы базарда қаңғып жүрмін. Мен өзім үшін келіп тұрған жоқпын.
Гүлнар Дүсіпқалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Заңды түрде салық органдарында тіркелген адаммын. Жазда 40-50 мың, қыста 80-100 мың теңге беремін. Енді бұл жерден қуып жатыр.
Базар басшысының айтуынша, саудагерлердің орнына тал-терек отырғызылып, жөнделмекші екен. Дегенмен ешкімді де ренжітпейміз. Тіпті саудагерлерге жабық павильондардан орын да дайындап қойдық дейді ол.
Асқар Ермұқанов, базар басшысы:
—Біз бұларды далаға тастамаймыз. Біздің мүмкіншіліктеріміз бар. Іштен келіп, орын береміз, біздің адамдарымыз, менің адамдарым, біздің халық қой. Дұрыс жер береміз.
Бірақ бұған ешқайсының сенгісі жоқ. Бірауыздан қол жинаған саудагерлер адвокат та жалдап құқық қорғау орындарына арыз түсірмекші.