Жарияланды: 900

Ақтөбеде “Иегова куәгерлері” кейуананы арбап, пәтерін рәсімдеп алған

Ақтөбеде бүтін бір отбасы “Иегова куәгерлері”-не жем болды. Юлия Ярославцеваның айтуынша, сектанттар оның әжесін арбап, соның атындағы пәтерді өздеріне рәсімдеп алған. Кейуана қайтыс болған соң, діни ұйым мүшелері келіншекті екі баласымен қуып шығыпты. Ал құзырлы органдар  қауқарсыздық танытып отыр.

Юлия Ярославцева бір жылдан бері туып-өскен баспанасының табалдырығын аттай алмай жүр. Себебі, сексеннен асқан әжесі Иегова куәгерлерінің қатарына еніп, сол ұйымның мүшесі боп табылатын Бауыржан есімді жігітке үйін рәсімдеп беріпті.

Юлия Ярославцева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Иегова куәгерлеріүш жігіт болып, бізді жалаң аяқ қуып шықты. Әжемнің өліміне де солар кінәлі. Себебі, Бауыржан деген сектант оған дәрі орнына улы зат берді деп ойлаймын. Енді үйсіз қаңғып қалдым. Әжемді өлер алдында көруге келгенімде, есіктен сығалатпады.

Ал Иегова куәгерлері ұйымындағылар баспана дауына байланысты мәлімдеме жасаудан бас тартып отыр. Мұрагерлік жолмен бір күн ішінде мына шаңырақтың иесі атанған Бауыржан қазір үйді өзге біреуге сатып та үлгеріпті.

Юлия үйін даулап прокуратураға шағымданған. Бірақ ондағылар қайтыс болған зейнеткер мен Юлияның туыстық қатынастарын дәлелдейтін құжаттың жоқтығынан арызды қарай алмаймыз деп қайтарыпты. Себебі, шағымданушы ата-анасы ажырасқан кезде анасының тегін алған екен. Ал әжесі әке жағынан. 

Абай Иманиязов, Ақтөбе қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:

- Ярославцева мен Нефедова арасындағы тума-туыстық қатынастар дәлелін таппадық. Қазіргі таңда біздер Ярославцеваға заң талаптарын түсіндіріп, сот арқылы сол аталған келісімшартты бұзғызу туралы түсініктеме бердік.

Юлия қазір екі баласымен туыстарының үйін жағалап жүр. Енді баспанасын даулап сотқа шағымданбақшы. Оған өңірдегі теріс діни ағымдар мен секталардан зардап шеккендерді қорғау қоғамы заңгерлік көмек береміз деп уәде еткен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін