Қуаныш үшін студенттік өмір таңсық емес. Десе де, бұрын мұнай саласына машықтанған жігіт осыдан төрт жыл бұрын жұмысында жарақат алып, қос жанарынан айрылған. Қараңғылық қапасына қамалып, тысқа шығу үшін жақындарының жетегінде жүретін. Енді биылдан бастап мамандықты өз күшімен игере бастайды.
Қуаныш Ақпақов, студент:
-Осындай болатынын ойлаған жоқ едім. Негізінде армандап едік осындай жағдай болса екен деп. Болашақта жұмыс істеуге бізге жағдай жасаса екен деп. Міне арманымыз орындалды. Шүкір.
Мұндағы дәрісхана да өзгеше. Көзі көрмейтін студенттер оқулықты мүлдем қолданбайды. Оның орнына арнайы дыбысты таспаларды пайдаланады. Медициналық колледж оқытушыларының айтуынша, ерекше студенттері үшін ерекше әдістеме дайындауға бір жыл уақыттары кетіпті. Енді олардан білікті маман даярлап шығатындарына сенімді.
Мәжит Көзбақов, Ақтөбе медициналық колледжінің директоры:
-Бұл студенттердің ертең оқу бітіріп шыққанда бір жақсы маман болатына сенім артамын. Себебі көзі көрмейтін адамдардың басқа органдары сезімтал болады. Олардың қолдарының ұштарының сезімталдығына байланысты жақсы массажист маманы болады.
Қос жанарынан айрылған жастардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Сабақ арасында тамақ ішіп, тіпті жуынып-шайынатын орындарына дейін арнайы дәрісхана ішінде жасалған. Биыл тек жеті студент қабылдаса, келер жылы олардың санын екі есеге көбейтеміз деп отыр білім одасының басшылары.