Ақтөбеде мәйітхана қызметкерлері бастығынан көрген қорлығы туралы айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде мәйітхана қызметкерлері бастығынан көрген қорлығы туралы айтты

Ақтөбеде мәйітхана қызметкерлері бастығынан көрген қорлығы туралы айтты

Ақтөбедегі мәйітхана қызметкерлері мазаларын қашырған жаңа бастықтарынан құтылғысы келеді. Айуларынша, Дәурен Аймақов сот-медициналық сараптама орталығына директор болып тағайындалған үш аптаның ішінде өмірлерін тозаққа айналдырған. Сөйтіп, қазбалап жүріп жаңа басшының бұрын сотталғанын да анықтапты. Бірақ, директордың өзі өткен өмірі туралы мүлдем айтқысы жоқ.

  • 15 Сәуiр 2017
  • 1428
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. 

Өлілерден тіксінбеген мәйітхана қызметкерлерінің жаңа бастықты көргенде төбе шаштары тік тұрады. Алғашқы үш аптаның ішінде Дәурен Аймақов небір сорақылық жасады дейді олар. Мәселен, жұмыста аяқтарының ұшымен жүріп, тіпті дәретханаға бастықтың сұрауынсыз бармайтын көрінеді. Жиналыста қуығы қысқан маманға жұрт көзінше сөгіс жариялап үлгерген.

"Жиналыс  болып жатқанда 5 минутқа дәретханаға шығып кеткен. Келіп еді, ұжымның көзінше қатаң сөгіс берді. Бәріміздің көзімізше оны боқтады" дейді жалпы сараптама бөлімінің меңгерушісі Қайрат Байбосынов.

Мұндай қорлыққа шыдамаған мамандар түрлі құзырлы органдарға арызданыпты. Ақыры директордың адамға қысым көрсетуге бұрыннан бейімі барын білген. Өйткені, ішкі істер саласында жүргенде қызметін асыра пайдаланып, қысым көрсеткені үшін екі жылға сотталған көрінеді. Істі болған адамның мемлекеттік маңызы бар, тергеуге тікелей қатысты сот-медициналық орталығына қалай қызметке алынғанына таң қалып отыр.

"Өткен өмірі күмәнді адам болып тұр. Бұрын сотталғанда тағылған айыптары да ауыр. Директор болуға сотталмаған адам табылмады ма? Ертең сарапшыларға қысым көрсетіп, дегенін істетіп жатса не болады?" дейді сот-медициналық сарапшы Владимир Корнев.

Дәурен Аймақов болса өзінің бұған дейін бір жарым жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысында осындай қызметте болғанын айтады. Ол жақта ешқандай шағым болмапты. Ал Ақтөбеге келгенде сыры мәлім боп қалғанына ашулы. Сондықтан өткен өмірі жайлы айтқысы жоқ.


— Жауап бергім келіп отырған жоқ. Ол менің жеке басым туралы ақпарат (Дәурен Аймақов айтып отыр — ред.).

— Сотталғансыз ба сонда?

— Менің жеке мәліметім. Сізге ол туралы жауап бергім келіп отырған жоқ.

Ал қол астындағылардың мазасын алғанын Аймақов өзінің тым талапшылдығымен түсіндіреді.

Сот-медициналық орталығының мамандары жаңа тағайындауға қатысты Әділет министрлігінен қайта тексеру жүргізуді талап етіп отыр. Сондай-ақ, Дәурен Аймақовтың қандай жағдайда істі болғанын ашық жариялауды сұрайды. Қазір мәйітхана мамандарының өтініші бойынша олардың құқықтарын қорғауға медицина қызметкерлерінің кәсіподағы да кіріскен.

Соңғы жаңалықтар