Ақтөбеде қаржы дауымен қызметінен қуылған экс-шенеунік басшылыққа келді - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде қаржы дауымен қызметінен қуылған экс-шенеунік басшылыққа келді

Ақтөбеде қаржы дауымен қызметінен қуылған экс-шенеунік басшылыққа келді

"Балаларын ақшамен оқуға түсірмек болып" былтыр желтоқсанда жұмыстан қуылған облыстық денсаулық сақтау департаментінің экс-шенеунігі Алмат Ермағамбетов көпсалалы "Aktobe medical center" ауруxанасының қаржы жөніндегі директорының міндетін атқара бастады. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әсет Қалиев айтты.

  • 27 Шiлде 2017
  • 294
Фото - Caravan.kz

Қалиев "Алмат Ермағамбетов- өте білікті маман. Коррупцияға қатысы жоқ. Бұрынғы қызметінен этика бойынша ғана кеткен болатын" дейді.

Экс-шенеунік Алмат Ермағамбетовтің «үлкен қызын Назарбаев университетіне, ортаншы қызын – Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіруге көмектесуге уәде еткен адамға 2016 жылғы ақпанда 20 мың АҚШ долларын беріп, «алданып қалғанын» айтқан. Ол ақша алған адамның үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіргенін де хабарлаған.

2016 жылы қарашада Ақтөбеде облыстық прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында Алмат Ермағамбетовтің оқиғасын сөз еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «заң бойынша пара алушымен бірге оны беруші де жауапқа тартылатынын» айтқан. «Бұл оқиғаны әдеп кеңесінде қарап, жаза қолдану керек, содан кейін онымен тиісті органдар айналыссын» деп мәлімдеген облыс әкімі.

Әкім мәлімдемесіне дейін Ақтөбе облыстық әдеп кеңесі Алмат Ермағамбетовті «мемлекеттік қызметші этикасын бұзғаны» үшін жұмыстан шығару туралы облыстық денсаулық сақтау департаментіне ұсыныс жолдаған. 2016 жылы желтоқсанда облыстық денсаулық сақтау департаменті Алмат Ермағамбетовті қызметтен босату туралы бұйрық шығарған. Ермағамбетов 2017 жылғы қаңтарда «жұмыстан заңсыз қуылғанымен» келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген. Сот оның шағымын қанағаттандырмай тастады.


Алмат Ермағамбетов 2014 жылдың қаңтар айынан 2016 жылғы желтоқсанға дейін Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Соңғы жаңалықтар