Жарияланды: 370

Ақтөбеде су мен жарықтан тарыққан халық Сапарбаевтан көмек сұрады

Ақтөбеде жаңа әкімнен жәрдем күтіп, өтініш айтушылар көбейді. Бұл жолы аймақ басшысына базыналарын жеткізбекші болған қаланың қақ ортасында тұрса да жылу мен суға зар болып, жарықсыз қалған саяжай иелері. Себебі, өз күштерімен баспаналарына инфрақұрылым өткізуге шамалары келмейді. Ал биліктегілер саяжай жыл он екі ай бойы тұруға арналмаған деп бет бақтырмайды.

-Бұл саяжай ұжымы қаланың қақ ортасында орналасқан. Іргесіндегі зәулім үйлерге қарап, сыртынан мұндағылар тарығып отыр деп ойламайсың. Дегенмен, тұрғындар суды тасып ішеді. Ал көгілдір отын мен жарық мүлдем жоқ.

Арманғали Алдоңғаров шалғайдағы Ырғыз ауданынан Ақтөбеге төрт жыл бұрын көшіп келіпті. Шиеттей бала-шағасымен саяжайдағы шағын ғана осы үйшікті сатып алған. Баспаналарының тарлығына шыдағанымен, қара суықта жылудың жоқтығынан қиналады.

Арманғали Алдоңғаров, Ақтөбе қаласының тұрғыны:  

-Мынау газ қиын болып тұр. Бізге тарттырудың өзі бәленбай миллион. Біздің жағдайымыз келе ме, келмей ме, оған қарап жатқан ешкім жоқ. Отын алып, от жағып күн көріп отырмыз.

Арманғали секілді мұндағы тұрғындардың барлығы үйлеріне газ жүргізілгенін қалайды. Бірақ оны қалталары көтермейді. Жарыққа қатысты мәселе де бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Себебі мұндағы жалғыз трансформатордың қуаты жүздеген үйді тоқпен қамтуға жетпейді екен.

Нұрила Аманжолова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

-Қыс басталса қашамыз. Бізде ештеңе де жоқ. Қой ауылда қой бағып отырған үй сияқтымыз. Мынау не деген сұмдық?. Қараңғы жерде май шаммен отырамыз. Ал өздері май шаммен отыра ма?

Тұрғындар өтініштерін айтып талай шенеуніктің табалдырығын тоздырған. Бірақ барлығы саяжай жыл он екі ай тұруға арналмаған деп кері қайтарады.

Жандос Байырханов, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:

-Саяжай аумағында сумен, жылумен, газбен қамтамасыз ету заң бойынша қарастырылмайтын жағдай. Егер қажеттілігіне қарай бұны тұрғылықты халық өз есептерінен салып алуға болады.

Енді тұрғындар облыстың жаңа басшысына өтініштерін жолдады. Бердібек Сапарбаев  бетімізді қайтармас деп үміттенеді олар. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін