Жиырма төртке енді толған жігіттің өлімі жаназасына жиналған жақындары үшін жұмбақ болып отыр. Бар білетіндері: екінші мамыр күні Ринат Досалиев Ақтөбе әуе қорғанысы институтындағы әріптестерімен табиғат аясына демалуға шыққан. Содан түнгі сағат бірге дейін туыстарымен хабарласып тұрыпты. Ал ертесіне түске таман оның естен танып жатқанын көрген лейтенант жедел жәрдем шақырған.
Талғат Қапанов, Р. Досалиевтің ағасы:
-Сол пәтерде тұратын әріптесі «ұйықтап жатқан болар» деп ойладым дейді. Біреу өлімші қылып сабаған. Сол күні институттағы әріптестерімен табиғат аясында қыдырды. Тәртіп болмай отыр ғой. Ең қызығы қасындағы адам түнде біреулер «ұрды» деп айтады. Сосын есінен танған адамды түске дейін үйінде ұстайды.
Дәрігерлер Ринатты дер кезінде жеткізгенде аман алып қалуға болар еді дейді.Ауыр соққыдан қаны ұйып қалыпты. Оқтың ізі де табылған. Марқұмның туыстары тергеу жұмыстарының қазір сылбыр жүргізіліп жатқанына наразы. Себебі, лейтенанттың пәтерінен Ринаттың қалып қойған киімдерін айғақ зат ретінде өздері әкеліп берген. Ал тергеушілер болса, қазір куәгерлердің барлығынан жауап алып жатқандарын айтады.
Айбек Тағыберген, Ақтөбе облыстық ІІД басқарма бастығы:
-Қасында болған адам бойынша, ол қазір куәгер ретінде жауапқа алынды. Бұл бойынша да жұмыс атқарылып отыр. Екеуінің қай уақыттан бері бірге болғаны, сол күні не болғаны бәрі сұралады.
Ринат Досалиев екі жылдан бері Ақтөбедегі Әуе қорғанысы институтында келісім-шарт бойынша жұмыс істеп келген екен. Достары оның жат қылықтардан аулақ болғанын айтады.
-Ақтөбедегі әуе қорғанысы институтының айналысынан шу арылмай-ақ қойды. Ринат Досалиевтің өліміне қатысты қазір оқу орнында да тексеру жүріп жатыр. Осыдан тура 10 күн бұрын екінші курста оқитын Әділ Ақылбек ауыр соққыдан институт қабырғасында көз жұмған. Оның өлімін жақындарына астан уланды деп жалтармақ болды. Ол оқиғаға екі аптадай уақыт өтсе де курсанттың ата-анасына баласының нақты неден көз жұмғанын әлі ешкім айтпапты.



