Жарты жыл бұрын жұмыс орнынан жоғалған Арман Сұрағановты қазір күні-түні арнайы жасақ сарбаздары күзетіп отыр. Олар сержантты кешке бөгде адамдармен жолықтырмайды. Ал күндіз тергеуден босамайды. Күні бойы оның жанында жүрген жұбайы Қарагөз күйеуін белгісіз біреулер тапсырыспен ұрлап кеткенін айтады.
Қарагөз Арғынова, А. Сұрағановтың жұбайы:
-Бір адам тапсырыс берген. Олардың мақсаты мұның ақылынан алжастыру болған. Яғни, адам қылмау.
Арманның келіншегі күйеуін Қостанай облысындағы қараңғы гаражда байлап ұстады деп отыр. Себебі сержант қарақшылардың бірінің осы аймақта екенін айтып жатқанын естіп қалыпты. Отбасының ешкімге қарызы жоқ және көршілес облыста туыстары тұрмайды екен. Сондықтан оны ұрлауға кім және қандай себеппен тапсырыс бергенін қазір полиция анықтауда.
Қарагөз Арғынова, А. Сұрағановтың жұбайы:
-Бір Егор деген атты естіген. Егор, Егор деп. Түрлеріне қарасам қазақ дейді. Алайда араларында еш орыс болмаған. Екі-үш күнде тамақ беріп тұрған. Бір мезгіл әлсіретіп. Шынжырлап ұстаған. Аяқтары-қолдары, еттері адам аяғандай.
Ағайындарының айтуынша,Арманды ұрлауға тапсырыс берген адам жазда қайтыс болған. Қырық күндік садақасынан соң аяқ-қолындағы шынжырды күзетші шал босатып, гаражда еркін жүруге рұқсат беріпті. Ал жақында ұрлап кеткен жігіттер көлікпен келіп, оны байлаулы күйінде Хромтау трассаның бойына лақтырып кеткен. Енді ұлымен қайта жолыққан ата-анасы оның аты-жөнін өзгертеміз деп отыр. Бұл бір жағынан қауіпсіздігі үшін қажет дейді.
Талғат Сұрағанов, А. Сұрағановтың әкесі:
-13 тамыз туған күні еді. Енді қарашаға ауыстырайық деп жатырмыз. Амандық болса ертең төлқұжатын, құжаттарын ауыстырайық деп отырмыз. Сол баламыздың Қуаныш деп атын қоймақпын.
-Кезінде тоқсан келі тартқан Арман Сұрағанов аштықтан екі есе арықтап, қазір таяққа сүйеніп жүргенін жақындары айтады. Медициналық тексеруден өтіп, ішкі құрылыстары аман екені анықталған. Бірақ күйзелістен жүйкесі жұқарып, қатты қорқып қалған. Сондықтан кәсіби мамандардың көмегі қажет. Қорғаныс істері жөніндегі басқармадағылар Астанадағы әскери госпитальда емделуді ұсыныпты. Бірақ жарты жылдан соң әрең табысқан жақындарының оны өзге қалаға жібергісі жоқ.