Ақтөбеде заңсыз құрылыстан үйлеріне күн түспейтін жұрт шу шығарды
Ақтөбеде тұрғындар үй іргесіндегі заңсыз құрылысқа наразы! Алғашында шағын ғана гүл дүкенін саламын деп рұқсат алған кәсіпкер енді үйдің дәл алдына үлкен супермаркет тұрғызып жатыр. Тым жақын орналасқан зәулім ғимараттың кесірінен жұрт күндіз де қараңғыда отыруға мәжбүр. Яғни үйлерінің терезесіне күн түспей қалған. Салынып жатқан гүл супермаркетін сот та заңсыз деп тауыпты. Тек кәсіпкер мұны пысқырар емес. |
Мына көпқабатты үйдің тұрғындары қазір тереземізге күн түспейтін болған дейді. Бұған себеп – заңсыз тұрғызылған мына нысан. Оның иесі алдымен жұртқа шағын ғана гүл дүкенін саламын депті. Бірақ оның орнына биік ғимарат бой көтерген. Енді жанындағы үй тұрғындары күндіз-түні жарық қосып отыруға мәжбүр.
Нұрбибі Байтас, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Мен ешқандай күн көрмеймін. Тереземіздің бәрі жабық. Таңертеңнен кешке дейін жарықпен отырасың. Ас үйге кіргің де келмейді.
Наразы топ құрылысқа о бастан-ақ қарсы болған екен. Бірақ қалталы азамат олардың сөзін құлағына да ілмеді. Тек тұрғындар Астанаға дейін арызданған соң кәсіпкер сотқа тартылған. Сөйтіп, салып жатқан ғимараты заңсыз деп табылыпты.
Гүлзия Мақсатова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы:
- Ақтөбе облысының жер учаскесін қадағалау мен қорғау басқармасы мемлекеттік мекемесінің талап-арызы қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер Исматуллаевтан гүл супермаркетіне арналған жер учаскесін мемлекет меншігіне алып қойылды.
Бірақ, сот шешімі шықса да, салынып жатқан гүл супермаркетінің иесі құрылысты тоқтатқысы жоқ. Мұнда әлі де қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Ал қызметкерлері ешкімге тіл қатқысы келмейді.Нысан иесі де ұшты-күйлі жоқ. Ал наразы халықтың енді сот шешімінің орындалуын күтуден басқа амалы жоқ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін