Ақтүтек боран жолдағы қозғалысты қиындатты - kaz.caravan.kz
  • $ 471.04
  • 538.54
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтүтек боран жолдағы қозғалысты  қиындатты

Ақтүтек боран жолдағы қозғалысты қиындатты

Еліміздің басым бөлігінде аяз бен бұрқасын әлі бәсеңдемей тұр. Солтүстік өңірде мектептердегі суыққа байланысты сабақ та толық өтіп жатқан жоқ. Ақтауда тіпті сабаққа келген оқушылардың өзі мектептерде киіммен отыр. Шымкентте адам түгіл хайуанаттар қалшылдап жатса, Қарағанды облысында жанармайы қатып жолда қалған автобустың жолаушыларына шұғыл көмек көрсетілді. Ал дүлей бораннан Ақтөбе облысының Ресеймен шектесетін жолдарының барлығы жабылған.

  • 6 Ақпан 2014
  • 421
Фото - Caravan.kz

Балқаштан Астанаға шыққан 30-ға тарта жолаушылары бар автобус  сақырлаған аязда сынып, жол сақшыларының көмегіне жүгінді. Жалпы, Қарағанды облысы аумағынан аяз тұрғалы бері, далада қалған 200 жолаушыға жәрдем берілген.

Айткен Сыздықов, Қарағанды облыстық ІІД жол-патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

-Жолда қалғандарға батальон қызметі көмекке келеді бірінші боп. Ішінде кішкене балалары болды. Біздің қызметкерлер оларды өз көлігіне отырғызып жылыту орындарына дейін жеткізді.

Ал Ақтаудағы бірнеше мектепте балалар бүрсең қағып отыр. Жүздеген оқушы сабаққа қабат қабат киініп келіпті. Өйткені ғимараттағы жылу 10 градустан көтерілмей тұр. Кейбір ата-аналар тіпті мектепке жылытқыш құралдарды әкеп қойған. Олар қақаған аяз болмаса да жылу жүйелерін жөнге келтірмеген мектеп басшылығына наразы. 

Бақыт Құлмағамбетова Ақтаудағы №1 орта мектеп директоры:

-Сабақ уақытын 35 минутқа қысқарттық. Супермаркет біздің жылу жүйемізге заңсыз қосылған, сондықтан бізде салқын.

Ал Шымкент зообағындағы жануарларды сақырлаған суық әбден әбігерге түсірді. Жылы жақтан әкелінген аң-құстар үсіп қалмас үшін оларға жем-шөп беру жағы күшейтілген. Жылу беруді де барынша еселепті. Әйтпесе, керіктің төлі температурасы 16 градустан төмен бөлмеде өліп қалуы мүмкін. Бүгінгі 24 градустық аяздан аман алып шығу үшін қызметкерлер қолдан келгенше қарекет қылып жатыр.


Елена Вележанина, зообақ ветеринарі:

-Суықтың күшеюіне байланысты жануарларға берілетін арпа-бидай мен нанның көлемін көбейттік. Түрлі дәрумендермен күшейтіп жатырмыз. Жыртқыштарға жаңа сойылған малдың етін берудеміз. Әйтпесе, өліп кетуі мүмкін.   

Ал Ақтөбеден Орынборға бағыт алған көліктер боранның кесірінен кері қайтарылып жатыр. Әні міне басылады деген жел керісінше күшейе түсіп, шекара да жабылған. Сондай-ақ ақтөбелік шенеуніктер көктемгі тасқынға алаңдаулы. Өйткені қар жылдағыдан 4 есе артық жауып, енді облыс орталығын су басып қалу қаупі төніп тұр. Ал синоптиктер ақпанның ортасына қарай күн жылыса оған алданбауды ескертуде. Өйткені аяз бен бұрқасын антициклонмен қабаттасып келіп, жұртты тағы қапыда қалдыруы мүмкін.