Ақышев: Егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендейтін болса, онда бағам түзетілетін болады
![]() |
Мұнай бағасы 40 доллардан төмендесе, теңге бағамына түзету енгізіледі. |
Бұл туралы Ақордада елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.
«Қазіргі уақытта теңгенің ресейлік рубльге паритеті нақты ағымдағы көрсеткіші есебі арқылы, яғни, инфляцияны ескере отырып қол жеткізілді. Яғни, біз 2014 жылдың басындағы мұнай бағасы құлдырап, ресейлік рубль девальвацияға ұшыраған кезге жеттік. Таяу аралықта бағамның айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоюы неғайбыл. Теріс сценарийлердің басым бөлігі орын алып болды. Яғни, мұнай бағасы есе еседен астамға құлдырады, рубль құны түсті», – деді ол.
Оның атап өтуінше, таяу аралықта сыртқы конъюктураның айтарлықтай нашарлауы байқалып отырған жоқ. Сондықтан Ұлттық банк теңге бағамы түзіліміне ықпал етпейтін болады.
«Біз іргелі трендтерге араласпайтын боламыз. Яғни, егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендейтін болса, онда бағам түзетілетін болады», – деді ол.
Ақышев мұндай жайт орын алғанның өзінде де айырбас бағамының күрт әлсіреуіне не болмаса нығаюына жол бермейтіндіктерін баса айтты.
«Біз қоғамға нарықтағы ахуалды түсіндіретін боламыз. Бұған қоса, ағымдағы жағдайда айырбас операцияларынан алаяқтық табыс алудың өзі күдік тудырады. Тіпті, ұтылып қалуға да болады», – деп қосты Ұлттық банк төрағасы.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін