Жарияланды: 640

Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың атқару комитеті Арал өңіріне семинар-экспедиция жібермек

Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың құрылуына 10 жыл толуына орай белгіленген шаралар бағдарламасына сәйкес қордың атқару комитеті 2003-жылдың 27-шілдесі мен 1-тамыз аралығында Арал өңіріне семинар-экспедиция жіберуді межелеп отыр. Бұл туралы Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығынан KZ-today тілшісіне хабарлады.

Семинар мақсаты - аймақтағы әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалмен танысып, Арал дағдарысына қатысты өткір тақырыптарды талқылау болып табылады. Атқару комитеті бұл семинар-экспедицияға Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың атқару комитеті мүшелері мен Қордың құрылтайшы мемлекеттерінің атқару комитеттері филиалдарының директорларын, гидролог, эколог және социолог мамандар мен бейресми ұйымдар өкілдерін шақырмақ ниетте. Экспедицияға қатысушылар Арал аймағындағы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалмен танысады. Сапар бағдарламасына сәйкес теңіздің кеуіп қалған бөлігі мен көлдер жүйесін, емханалар, ауруханалар мен экологиялық дағдарыстан зардап шеккен әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралау көзделген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть