Ислам даму банкі мүше елдерге 2,8 млрд доллар бөледі - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ислам даму банкі мүше елдерге 2,8 млрд доллар бөледі

Ислам даму банкі мүше елдерге 2,8 млрд доллар бөледі

Бакуде өткен Ислам даму банкі тобының жыл сайынғы жиыны аясында Банктің Атқарушы директорлар кеңесі ұйымға мүше елдердегі инфрақұрылымдық, энергетикалық және ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру үшін жалпы көлемі 2,8 млрд АҚШ долларын құрайтын қаржыландыру пакетін мақұлдады

  • 17 Маусым
  • 2
Фото: Ислам даму банкі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ең ірі қаржыландыру көлемі Угандаға бағытталады. Бұл елде Малаба — Кампала теміржол желісінің құрылысын жүргізуге 650,75 млн еуро бөлінеді. Жоба көлік инфрақұрылымын дамытуға, логистикалық шығындарды азайтуға және шамамен үш мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Түркияға Стамбұлдың Солтүстік теміржол өткелі жобасын жүзеге асыру үшін 660,35 млн еуро бөлу мақұлданды. Аталған жоба мегаполистің Еуропа және Азия бөліктері арасындағы көлік байланысын күшейтіп, жүк тасымалының тиімділігін арттыруды көздейді.

Тәжікстанға Рушан — Варшез автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 93,8 млн доллар бөлінеді. Бұл өңірдегі көлік қатынасын жақсартып, сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Энергетика саласында да бірқатар ірі жобалар қолдау тапты. Нигерияның Нигер штатында күн энергетикасын дамытуға 150 млн доллар бөлінсе, Кот-д’Ивуарға энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың электр энергиясына қолжетімділігін кеңейту үшін 86,55 млн еуро қарастырылған. Ал Палестинада күн электр станцияларын салуға 22 млн доллар бағытталады.

Ең ірі қаржыландыру көлемі — 1,004 млрд доллар Бангладешке бөлінді. Қаражат Eastern Refinery мұнай өңдеу зауытын жаңғырту мен кеңейтуге жұмсалады. Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, мұнай өнімдерінің ішкі өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Аграрлық секторда Гамбия мал шаруашылығының өнімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін күшейту үшін 30 млн доллар алады. Ал Бенинге тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және фермерлік шаруашылықтардың климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыру мақсатында 19,17 млн еуро бөлінеді.

Банк өкілдерінің айтуынша, мақұлданған жобалар Бакудегі жыл сайынғы жиынның негізгі тақырыбы — «Тұрақты әл-ауқат жолындағы өңірлік интеграция» қағидатына сәйкес келеді. Олар көлік байланысын дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, азық-түлік жүйелерін жетілдіруге және мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.