Жарияланды: 40

Арқалықта туберкулезбен ауыратын жігіт әскерге шақыртылған

Арқалықта туберкулезбен ауыратын жігіт әскерге шақыртылған

Қостанай облысында 1033 жігіт әскерге барудан қашқан. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. 

Соңғы жылдары елімізде әскерден жалтарғандар саны артқан. Жекелей алғанда, Қостанай облысында да бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Мәселен, биыл 1033 жігіт отан алдындағы борышын өтеуден бас тартып отыр. Оның 623-і - Қостанай қаласының тұрғындары. Бұл мәліметті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Андрей  Григоревский жариялады.

«Биыл Қостанай облысы Қорғаныс істері департаментінің материалдары бойынша, әскерге барудан бас тартқан 2 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар тиісінше Қостанай қаласы мен Әулиекөл ауданында тұрады. 2017 жылы аталған себепке байланысты 4 қылмыстық іс қозғалған болатын. Жыл басынан бері  Қорғаныс істері департаментінің бөлімдерінен 572 сұраным келіп түсті. Аталған сұранымға сәйкес әскерге шақырылғандар мекенжайлары бойынша тексерілді. Нәтижесінде 417 жігіт департаментке жеткізілді. Тағы 90 азамат мекенжайларын қате көрсеткен», - деді Андрей  Григоревский.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Салауат Мүксімовтің сөзінше, қорғаныс саласында сыбайлас жемқорлықтың себептерін анықтау және оларды жою жұмысын күшейту өзекті. Оның айтуынша, тексеріс кезінде әскерге шақырылушы немесе оның отбасы мүшелері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен өзара келісімге келуі ықтимал.

«Бұл жерде екіұшты мәселе шығып отыр. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы анализдерді іске қосып, зерттейтін боламыз», - дейді департамент басшысы.

 

Әскерден жалтарғандар бір бөлек, денсаулығы жарамай тұрса да, құлшынысы жоғары жастар бар. Мәселен, 1997 жылы туған Арқалық қаласының тұрғыны А.-ның туберкулезбен ауыратыны расталса да, медициналық комиссия оны әскерге жарамдылар қатарына енгізіп жіберген. Салауат Мүксімов мұндай іс-әрекеттер жемқорлықтың алғышарттарына жатады деп отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Абат Жауков сөз алды. Оның деректеріне сүйенсек, облыстық медициналық комиссияның құрамында тұрақты 14 маман бар. Оның 5-еуі - жоғарғы дәрежедегі дәрігерлер.

«Медициналық тексерулер мен стационарлық көмектер өз уақытында жергілікті елді мекендерде жүргізілді. 2018 жылдың көктемгі шақырылымда 901 әскерге шақырылушы тексеруден өтті. Соның ішінде бір азаматтың наркотикалық заттарға әуестігі анықталды. Ол дер кезінде наркологиялық диспансердің тізіміне алынды», - деді Абат Жауков.

Қостанай облысы Қорғаныс істері департаментінің басшысы Сергей Кузнецов айтқандай, 2015 жылдың көктем айынан бастап, Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, әскерден жалтарғандарға 1000 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл және 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.  

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть