«2008 жылдың 20-ақпанында Арқалық қаласының УК-161/12 түзеу мекемесінде тәртіптік жазасын өтеп жүрген сотталушы Песков өзіне-өзі қол жұмсады деген суыт хабар облыс прокуратурасына келіп түсті. Ол еденнен шеге суырып алып, мойыны мен қарынының тұсын жарақаттаған», — деп мәлім етті баспасөз қызметі.
Аталмыш оқиғаны тексеру үшін облыс прокурорының өкімімен Арқалыққа облыс прокуратурасының қызметкерлер тобы жөнелтілді. Оған облыс прокурорының аға көмекшісі Манарбек Бермұхамбетов жетекшілік жасамақ.
Арқалыққа келген бетте топ жетекшісі сотталушы Песковтың анасы Надежда Воробьеваны және оның қорғаушысы Әлия Назарованы қабылдады. Олар облыс прокурорының көмекшісіне арыз және мекеме әкімшілігі тарапынан сотталушылардың құқығының бұзылуы орын алған жайттар бейнеленген бейне материалдарды тапсырды, деп хабарлады прокуратура.
«2008 жылдың 25-ақпанындағы жағдай бойынша алғашқы тексеру амалдары жүргізілді. Сотталушы Песковқа медициналық көмек дер кезінде көрсетілгені және оның жағдайы қанағаттанарлық екені анықталды», — деп мәлім етті Қостанай облыстық прокурорының орынбасары Ерлан Байтұқбаев.
«Песков өз-өзіне қол жұмсау себебі оның сот үкімімен келіспеуінен туды деп түсіндірді», — деп атап көрсетті облыс прокуратурасы. Песковтың анасы мен оның қорғаушысының арыздарында көрсетілген жайттарды тексеру жалғасуда.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, «Андрей Песков, 1980 жылы дүниеге келген, Алматы қалалық сотының шешімімен 2005 жылдың мамыр айында 96 бап 2 тармақ (Кісі өлтіру), 251 бап 3 тармақ (Қару, қару-жарақ және жарылғыш заттарды заңсыз алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 181 бап 3 тармақ (Бопсалау) бойынша сотталған. Барлық қылмыстарды 5 адамнан тұратын топ құрамында жүріп жасаған. 25 жылға бас бостандығынан айрылған. Үкімге қайта шағым жасалған. Жоғарғы соттың аппеляциялық қызметі оны өзгеріссіз қалдырған. Одан бұрын Песков қаруды заңсыз сақтағаны үшін сотталған болатын».
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті