Арыс қаласында жойқын жарылыс болды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Арыс қаласында жойқын жарылыс болды

Арыс қаласында жойқын жарылыс болды

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы жарылыс. Бүгін Арыс қаласының іргесіндегі оқ-дәрілерді залалсыздандырумен айналысатын мекеменің күлі көкке ұша жаздады. Қару-жарақты жою кезінде жарылыс болып, екі адам опат болған. Тағы біреуі ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. 5 жыл бұрын да дәл осы Арыс қаласындағы қару сақталған қоймада күшті жарылыс болып, бірнеше адам қаза тапқан болатын. Қазір жарылыстың себебін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр.

  • 27 Маусым 2014
  • 355
Фото - Caravan.kz

Мынау бүгін түсірілген суреттер. Жарылыс таңғы  сағат 7 жарымдар шамасында оқ-дәрілерді залалсыздандыратын «ҚазақЖарылысӨнеркәсіп» мекемесінен шыққан. Цехтың бірінде осы кезде екі жұмысшы болыпты. Екеуі де оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Алтынбек Керімбеков,  учаске бастығы:

-Екі кісі, оның бірі әйел. Біреуі ер кісі. Келіншек 82-ші жылы туылған. Жігіт 88-ші жылғы. Келіншектің күйеуі бұрынғы Арсеналда жарылыс болғанда қайтыс болған. Бір қызы бар. Ал, жігіттің ата-анасы бар. Жақында үйленген.

Қазір мекемеде абыр-сабыр басылды. Дегенмен, таңертең болған оқиға өзге жұмысшыларға ауыр тиген тәрізді. Түгелі тұнжыраған күйде лек-легімен үйіне қайтып жатыр. Бүгінге жұмыстары осымен тоқтады. Ешқайсысы ауыз ашып, ештеңе айтқысы келмейді. 

Алтынбек Керімбеков, учаске бастығы:

-Порох енді қалай тұтанғанын білмейміз. Жанған кезде ол үлкен жоғары қысым береді да. Сол жоғары қысым ғимаратты бұзып жіберді.

134 жұмысшысы бар мекеменің жұмысы белгісіз мерзімге тоқтады. Есесіне, Шымкенттен бастап Астананаға дейін тексерушілер келіп жатыр.


-Бүгінгі жарылысқа байланысты прокуратура, төтенше жағдайлар департаменті және арнайы қызмет өкілдерімен жұмыс тобы құрылып, тексеру жұмыстары басталып кетті. Айта кетсек, бүгінгі жарылыс бұл мекмеге қатысты шығып отырған алғашқы жанжал емес. Бір жыл бұрын еңбек инспекциясы дәл осы өнеркәсіп яғни «ҚазақЖарылысӨнеркәсіп» акционерлік қоғамында жұмысшылардың құқығы тапталып жатыр деп байбалам салған болатын.

Сондай-ақ кәсіпорында қауіпсіздік ережесі сақталмайды, ал жұмысшыларының жарылғыш заттардан хабары жоқ деген еді. Тіпті мекемені жабу туралы бастама көтерген. Бірақ олқылықтар сол күйі жойылмаса керек. Бұдан бөлек, Арыс қаласының маңындағы ҚазАрсенал мекмесінде де осыдан бес жыл бұрын алапат жарылыс болып, 4 адамның өмірі қиылған. Тағы 16-сы түрлі дәрежедегі жарақат алған-ды. Ол кезде жарылыс қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болған делінген. Ал бүгінгі жарылыстың себебін арнайы комиссияның тексеруінен кейін белгілі болмақ.