Бұрынғы мәдениет министрі, бүгінгі ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының жалақысы әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Ай сайын 980 мың теңге алып келген экс-министр қазір небәрі 139 мың теңге табады екен. Дегенмен 1-маусымнан бастап жалақының өскені айтылды.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Мұхтар Әбдиев біраз жылдан бері облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты орталықта маман болып жұмыс істейді. Өткен айдың соңында әдеттегіден жоғары жалақы алып, Президент айтқан тапсырманың орындалып жатқанына куәмін, дейді.
МҰХТАР ӘБДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: Маусым айында көтерілген айлықтың 30 пайызға артқандығын көрдік. Айдың соңында жалақы алғанда. Бірден байқалды. Ол әлеуметтік жағдайға көп әсер етеді. Жалпы 30 пайызға көбеюі денсаулық сақтау, мұғалімдерге, әр түрлі салаға бөлініп реттелген екен.
Мемлекет басшылығының тапсырмасы бойынша биыл ең төменгі жалақы 42 мың теңгеге көтерілді. Оған дейін 28 мың теңге болатын. Бұдан бөлек, бюджеттік мекемелерде істейтін еліміздегі 275 мың адамның еңбекақысы 35 пайызға өсті. Олар кітапханашылар, музей қызметкерлері, өзге де мамандар.
БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:Биылғы жылы үш рет жалақы көбейтілді. Ең төменгі жалақыны көбейтудің нәтижесінде 1,3 млн адам өздерінің табыстарын көтерді. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес осы айдың 1 маусымынан мемлекеттік азаматтық қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға көтерілді.
Әсіресе, мәдениет саласындағы мамандардың айлығын көтеру Арыстанбек Мұхамедиұлының арманы еді. Министр кезінде өзі 980 мың теңге алып жүрсе де, қарамағындағылардың қамын ойлапты. Жақында ұлттық музейге директор болып тағайындалған кезде түрлі қауесет тарады. Амал жоқ, өзі шығып жауап берді.
3 000 000 теңге көлеміндегі еңбекақы — жалған. Мұндай шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату кімге пайда әкелетінін білмеймін…
Өздеріңізге аян, көптен бері мәдениет саласы қызметкерлеріне жоғары жалақы беруін сұрайтынмын…Әдеттегідей сіздерге шынымды айтайын: министр қызметін атқарғанда еңбекақым 980 000 болды. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 ҚР Үкіметінің Қаулысы негізінде Ұлттық музей директоры ретінде 172 436 теңге есептеліп, қолыма 139 673 теңге берілетін болады.
АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАСЫНАН
139 мың теңге жалақы бұрынғы министрдің күн көрісіне жетер ме екен? Егер ұлттық музейдің директоры осындай айлық алса, қатардағы қызметкерлердің табысы қандай болмақ. Әзірге, бюджеттік мекеме мамандары Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді еңбекақысы туралы ашық айта бермейді.