Астана әлемдік экономиканың өзекті мәселелері қаузалатын ордаға айналды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана әлемдік экономиканың өзекті мәселелері қаузалатын ордаға айналды

Астана әлемдік экономиканың өзекті мәселелері қаузалатын ордаға айналды

Биыл еліміздің елордасында осымен үшінші рет халықаралық маңызы зор, ғаламдық экономиканың проблемаларын терең талқылауға бағытталған жиын өтуде.

  • 9 Маусым 2011
  • 913
Фото - Caravan.kz

Жуырда өткен IV Астана экономикалық форумында жаһандық мәселелер кеңінен талқыға түссе, оның ізін ала болған Еуропалық қайта құру және даму банкінің жыл сайынғы жиналасында да жер жаһанның бүгінгі мәселелері терең зерделенді. Экономика саласының суперэлитасы саналатын топ та осынау жиындардың көрігін қыздырып, елордамыз — Астанадан шартарапқа экономикалық‑қаржылық мәселелердің маңызды бағыттары туралы ақпарлар тарады. Әлемдік сарапшылар маңызды бағыттарды саралап, өркениет үшін өзекті тетіктерге сілтемелер жасалды. Осындай Астанадағы маңызды форумдар парадын 7 маусымда жетінші рет өз жұмысын бастаған Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жалғастырды. ТМД елдері арасында, сондай‑ақ Орталық Азияда тұңғыш рет өткізіліп отырған жиынның басты мақсаты — мұсылман елдерінің эко­номикалық және геосаяси дамуы тұр­ғысында жан-жақты әрі салиқалы пікір алмасу. Шараның елімізде өтуі тұрғысынан маңызды тұсы ‑ ислам әлеміне Қазақстанның іскерлік және инвестициялық әлеуетін тереңірек таныстыруға мүмкіндік болып табылады. Бұдан бөлек, форум Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық ететін жылымен тұспа тұс келіп отыр. «Жаһандық экономикалық даму: өзара байланыс, бәсеке, ынтымақтас­тық» атты тақырыпты қамтыған айтулы іс-шараға әлемнің 45 елінен 2 мыңнан астам қонақ қатысты. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, ірі халықаралық компаниялардың, орталық банктердің, қаржы институттарының, мемлекеттік органдардың, іскерлік және сарапшылар тобының өкілдері, көрнекті ғалымдар болды.

Алқалы жиынның салтанатты ашылу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ислам әлемімен ДИЭФ шеңберіндегі ынтымақтастық мәселесін қозғап қана қоймай, бүкіл мұсылман үмметі үшін берекелі ел болуға, бірлікте іс тындыруға үндейтін бірқатар тың бастамаларды алға тартты. «Қазақ халқының ислам әлемімен байланысы қадым замандардан тамыр тартады. Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Жаратқан Иеміз аса бір жомарттықпен Қазақстанға тағылымы толайлы мекен еншіледі. Осылайша елімізге ислам мен батыс өркениеттері арсында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі берілген», — деді Елбасы. Бұдан кейінгі сөзінде Мемлекет басшысы негізгі әңгімені ислам әлемінің басты проблемалары бойынша сабақтап, бұл бағытта өз пайымдарын алға тартты. «Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда көптеген мұсылман елдерінің көш соңында қалуы анық байқалды. 1,5 миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр. Ислам дінінің діңгегі біртұтас екендігін бәрімізге ақиқат. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әртүрлі аймақты қамтиды. Сол үшін ислам әлемі туралы пікір айтпас бұрын, мұсылман қоғамының бүгінгі даму жолдарын түсініп алу қажет деп санаймын», — деді Президент. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағытқа баса назар аудару қажеттігін алға тартты. «Бірінші стратегия — бұл инерциялы даму стратегиясы. Өкінішке қарай, соңғы кездегі оқиғалар консервацияның ерте ме, кеш пе апатқа ұрындыратынын көрсетіп отыр. Екінші стратегия — қазіргі қоғам құрылымдарын жоққа шығарып, өткенге түбегейлі қайта оралу үрдісіне негізделген. Бұл нұсқа тіпті кейде осы заманғы саяси және экономикалық ахуалдың нормаларын да толық жоққа шығаратындай. Үшінші стратегия — ислам әлемін жаңғыртуға бағытталған. Бірақ, оны өзге үлгілерді талғамай көшетін қарабайырлық тұрғысынан түсінуге болмайды. Исламда «кез-келген істің мұстақым орта тұсы ‑ ең тәуірі саналады» деген тағылымды қағида бар. Қазіргі дүниеде модернизацияланған ислам стратегиясы — міне, орта тұс дегеніміз — осы», — деді Президент. Н. Назарбаев аталған соңғы, яғни ислам әлемін жаңғыртуға бағытталған үшінші стратегияға жан‑жақты тоқтала келе, ислам қоғамын модернизациялау қажеттігі айқын байқалып отырғанын алға тартты. Бұндағы басты мәселе — технология, ғылыми, экономикалық даму. «Мұны тек ақиқатқа көз жұма қарайтындар ғана жоққа шығара алады. Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын ислам әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейді. Мәселен, «G-8» ішінде мұсылман үмметінен бірде бір ел жоқ. Бұл ислам экономикасының әлемдік ауқымдағы нақты салмағаның айқын көрінісі. Ал әлем бойынша үздік жоғарғы оқу орындарының алғашқы жүздігінде қанша ислам мемелкетінің университеттері бар? Ислам дүниесінің ішінен соңғы 20 жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойынша Нобель сыйлығының қанша лауреаты шықты? Ислам әлемінде қанша жаһандық технологиялық инновация өмірге жол ашты? Бз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу болашақта лайықты жауап беруіміз қажет деп санаймын», — деген Елбасы кейбір саясаткерлердің ислам дүниесінің көп бөлігінің артта қалуын діннің өзімен байланыстыратынын да сынға алды. «Бұл ақиқаттан мүлдем алыс тұжырым. Антикалық және осы заманғы батыс мәдениетінің арасындағы сабақтастықты мұсылман дүниесінің қамтамсыз еткенін тарихта ұмытпауымыз керек. Исламның мәдени өрлеуінің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салалары бойынша ұлы жетістіктерге қол жеткізілді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері мұсылмандық шығыстан христиандық батысқа қарай жылжыған. Нақ осы ислам сан ғасырлар бедерінде діни тұрғыдан төзімділік, толаранттық көрсетіп келді. Оғаш ой тұжырымдарға да асқан сабырлылық танытты. Қазір ислам әлемі өз дамуындағы күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар сөз арасында Мемлекет басшысы жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі исламды өздерінің ұлттық қауіпсіздігіне, мәдени, діни ұстанымына қауіп төндіруші ретінде көрсетіп жүргенін сынға алды. «Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризмге жол беретін дін деп ұқтырады. Мұндай жағдаймен ешқашан келісуге болмайды. Егер тарихқа жүгінсек, экстремизм мен терроризм ХХ ғасырда көптеген индустриалды дамыған мемлекеттердің саяси өмірінің ажырамас бөлігі болғанына көзіміз жетеді. Ол үшін 1960-70 жылдары Еуропадағы саяси терроризмнің бетімен кеткенін еске салсақ та жетіп жатыр. Біз терроризм мен экстремизмнің қаншалықты ашық бағыт ұстанғанына және қандай да бір діни ұранды жамылғанына қарамастан әлемнің іргелі діндерімен ешқандай да ортақтығы жоқ екендігіне сенімдіміз», — деді Елбасы. Президент сөз арасында бүгінгі ақпараттық заман талабына қатысты мәселелерді де қозғады. Н. Назарбаевтың айтуынша, қазіргі әлемнің экономикалық-қаржылық және ақпараттық жүйесі өзгере беретін болады. Алайда оның бірқатар жүйелі сипаттары сақталып қана қоймайды, керісінше, күшейе түседі. Ең алдымен бұл мәдени құндылықтың, білім экономикасының, ақыл-ой күшінің мемлекеттік бәсекеге қабілеттігінің нақты көрсеткіші ретінде маңыздығының арта түсуімен байланысты. «Бүгінде мына жайт айқын — таяу болашақтың қоғамы — ақпараттық қоғам. Бұл технологияға, басқару тәсілдеріне, мәдени дамудың үлгілеріне де қатысты. Жалпы бүгінгі әлемде уақыт талабына толық жауап бере алатын мұсылман елдері де баршылық. Мәселен, ақпараттық қоғамның өнеркәсіптік қаржылық саласындағы технологиялық жетілген үлгілері баршылық. Ислам әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің жоғары бөлігі үшін көрсетіп отырған елдер де бар. Бұл ислам әлемінің өткен кезеңде ғана емес, болашақта да қарқынды және шапшаң дамуымен тамаша үйлесе алатынының жарқын айғағы. Сондықтан да, алдағы уақытта мұсылман елдері айтарлықтай жаңғырудан өтуге тиіс. Мұны қолға алмасақ, тарихи тұрғыдан артта қалу тағы да жүз жылға созылып кетуі мүмкін. Осындай модернизацияның дәл әрі теңгермелі үлгісін таңдау 1,5 млрд. мұсылман үмметінің дамуына қосқан ортақ үлесі болатын еді», — деді Президент. Сөз арасында Елбасы мұсылмен елдерінің, ДИЭФ қорының Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асыруға болатын нақты бес бағытта ұстанымын жариялады. «Біріншіден ‑ ислам әлемі елдерінің экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде жаңа бағыт қалыптасуы қажет. Бұл үшін ДИЭФ Қоры негізінде 10 жетекші мұсылман қауымдастығы елдері экономикасы тобына (G-10) арналған сұхбат алаңын жасауды ұсынамыз. Мұсылман үмметінің ресурстары инвестициялық ынтымақтастық үшін қуатты қаржы көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Екіншіден — ислам әлемі елдерінің жетекші ғылыми-технологиялық үрдістерден қалып келе жатқанын ескере отырып, Ислам Конференциясы Ұйымының мүдделі елдерінің қатысуымен халықарлық инновация орталығын құру. Үшіншіден, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында ДИЭФ-тің арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамын. Бұл ретте Ислам банкі жанынан шағын және орта бизнестің арнайы қорын құру мәселесін бүгінгі форумда талқылаған жөн болар еді. Біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тарту тұрғысынан мұсылман елдерімен ынтымақтастық жасауға мүдделіміз. Сарапшылардың бағалауынша Қазақстандағы ислам инвестицияларының таяу жылдардағы өсу мүмкіндігі 10даған миллиард долларға дейін жетеді. Төртінші ұсыныс — көлік-коммуникациялық және логисикалық желі арқылы ынтымақтасу. Көлік-коммуникациялық және логисикалық желінің болуы — ислам елдерінің сауда-экономикалық ынытмақтастығын кеңейтудің маңызды шарты. Қазір Қазақстан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізін кеңейте отырып, өзінің геоэкономимкалық жағдайын белсенді түрде пайдалануда. Біз Қытай мен Парсы шығанағындағы жүк тасымалдау ағымын ұлғайту үшін жаңа теміржолдар салудамыз. Мен Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы темір жол құрылысын қаржыландыруға Ислам Даму банкінің белсенді түрде қатынасуын ұсынамын. Жалпы құны 1,5 млрд. құрайтын бұл теміржолдың ұзындығы 963 шақырым. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынасқа, экономикалық саудаға жағымды әсер тигізетін болады. Бесіншіден — азық түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында Ислам Конференциясы Ұйымы аясында азық-түлік көмегін көрсету жүйесін әзірлеу қажеттігі сезіледі. Бұған ИДБ және ұйымға мүше елдердің азық-түлік қоры топтары жүйесі хәләл үлгісіндегі аймақтық қордың құрылуы негіз болар еді. Оның штаб-пәтерін азық-түліктің экспорттық әлеуетін белсенді дамытушы ел ретінде Қазақстанға орналастыруға ұсынамын», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Үш күнге жалғасатын форум аясында ислам банкингі, қаржылық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті, балама энергия көздерін, халал индустриясын дамыту және тағы басқа өзекті мәселелер арнайы сес­сия­ларда талқыланатын болады. Астананың ұсынып отырған экономикалық алаңында ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де талқыланып, биз­нес-үрдістерді басқару тұрғысында тәжіри­бе алмасу жайында сөз болады. Бір сөзбен айт­қанда, Астанада өтіп жатқан «Ислам Давосы» әлемдік эко­но­мика үшін өзекті саналатын барлық мәсе­леге барлау жасауды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар