Жарияланды: 250

"Астана" концерт залы ма, әлде ішкиім сататын орын ба?

"Астана" концерт залы ма, әлде ішкиім сататын орын ба?

Белгілі журналист Даулетхан Жиенқұлов өзінің Facebook-парақшасына «Астана» концерт залындағы келеңсіздікті жазды. Мәдениет орталығын базарға айналдырды деген ол, мекемеге кіре берісте ішкиімдерге дейін сатылып жатқанын айтқан.

Журналистің жазбасы төмендегідей:

"Астана" концерт залы ма, базар ма?

Кеше қыздар мерекесі деп аналарымызды, аруларымызды құттықтап, кешке мерекелік концертке бардық. Мерекелік көңіл-күй сыйлайық деген ой ғой. Оның үстіне, әрбір сахналық қойылымы, интермедиясы, монологы адамға ой салатын Туканың, Тука деппін ғой Нұржан Төлендиевтің "Алдараспан" театры дегесін арнайы бардық. Концерт бұрынғы Конгресс холл, қазіргі "Астана" концерт залында өтті. Қойылымдары жаман емес, "Қаламаймын" арқылы ар мен ұятты жиып қойғандарды, "Селфи" арқылы расында біреу өліп, біреу өртеніп жатса да суретке, видеоға түсіріп мәз боп жататын мейірімсіз, тасбауыр қоғамды, кино арқылы Қазақфильмдегі жалғыз күлкіні, көтерем батырларды әжуалады. Әрине, арасында сәл шикілеу жерлері де көрініп қалды. Мейлі, жалпы алғанда бір көңіл көтеріп, риясыз күліп қайтатын ақ кеш болды. 
Неге "қайтатын ақ" деп отырмын?.. 
"Астана" деп аталған концерт залының сонау қаланың шыға берісіндегі "Шанхай" базарынан еш айырмасы жоқ екен. Сенбесеңіз барып көріңіз. Кіре берістегі үлкен фойе лық толы. Концертке келген көрерменге емес, саудагерге. Зергерлік алтын-күмістер, киім-кешегіңіз тон мен ішіктен бастап іш киімге дейін, балық, тауық, бал, шұжық т.б. азық түлік самсап тұр. Бастапқыда біз адасып кіріп кеттік пе деп қалдық. Өйткені, онда бармағалы да біраз болып еді. Сөйтсек, расында кіреберісі базар. Іші онсыз да тар жерде иісі мүңкіген балық, тамақ... бірнеше қатар етіп сөрелер қойып тастаған. Арасымен бір кісі қырымен зорға өтеді. Бұл не сонда? "Астана" концерт залы деген сауда орталығы, я болмаса, қаланың коммуналдық базары ма? Неужели концертке келгендер сол жерде үйіне колбаса, балық, аяғына нәски, бұтына тр... алады? Біздің рухани жаңғырғандағы мәдениетіміздің жеткен жері осы ма?
Тағы бір мәселе...
Елдің жәй ғана мереке күні денесін бос ұстап, көңілді кешке келіп, концерт көріп, алаңсыз отыруы да мұң ба деп қалдым. Әлгі кіре берістегі базардың қатар-қатар сөрелерін жағалай жүріп әйтеуір кірдік. Көрерменнің өз мәдениеті болушы еді. Қатарда отырғандарға артын бермей, сыпайы ғана алдымен өту керек дейтін. Сосын, жалпы концерт залы түгіл кез келген ғимаратқа, бөлмеге кіргенде бас киімді шешіп кіруші едік қой... Залда концерт көріп отырған бір кісілер бастарында "петушок". Үстерінде сол үйде умаждалып жатқан жеріне тұрып келе салған, әбден тер сіңіп кеткен жемпір. Бірі кешігіп келіп, қатарын шатастырып, орнын таппай, жұрттың аяғын таптап, баршылық артымен жұрттың бәрінің бетін "сипап" шықты...
Шыққандағы көргеніміз тіпті сорақы болды. Жаңа ғана Туканың командасының әзіл-оспақ тамашасын көріп шыққан адамдарға ұқсамайды. Тайсонның төбелесіне қатысып шыққандар сияқты. Қабақтарына қар жауып, жүйкелері ширығып жүрген жұрт. Гардеробтың қасына барғанда "қуырдаққа тойдық". Жұлынып барып киімін алып, итере-митере есікке ұмтылып, бірінің үстіне бірі шығып жатқан халық. Тап қазір шығып үлгермесе біреу сыртынан жауып, ғимаратқа от қоятындай... 
Сосын, ұят та болса айтуға тура келеді, тер сасыған жұрт! Неужели осындай мәдени шараға, концертке, театрға келе жатқан адам жуынбайды а? Тым болмаса, 10 мың теңгелік билет алып концертке келіп отырсың ғой, 3 мың теңгелік таза көйлегің бар шығар ау, неге таза келуге болмайды а?
Кәдімгі базарда тұрған киімдерімен кіріп кеткен сияқты. Үстерінен мүңкіген терге шыдап тұру мүмкін емес.

1/ Мәдениетің орталығы болуы тиіс "Астана" концерт залының сиқы анау ма? Неге ол базарға айналып кеткен?
2/ Қазақ корерменінің санасын қалай жаңғыртуға болады? Расында жұрттың мәдениеті түсіп кетті ме? 
3/ Театрға, концерттерге, мәдени кештерге киілетін арнайы дресс код деген болушы еді ғой, қазір ондай жоқ па? тым болмаса таза киініп келсе ғой, мейлі не кисе де...
P.S.: Кірерде базардан шалынып жүріп, шығарда тер сасығандардан қашып жүріп кіре берістегі базарды суретке түсіруді ұмытып кетіппін. Бірақ, оның солай екенін кеше концертке барған мыңның бәрі де растай алады.

Оқи отырыңыз:

Қазақша Құттықтау - тілек: 22 Наурыз - Ұлыстың ұлы күні

Қош келдің төрлет Наурызым!

8 наурыз. Ана туралы өлеңдер

Қазақша Құттықтау - тілек: 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні

 

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть