Қаламыздағы Орталық базар жанынан бой көтерген сәулеттік дәрежесі ең жоғарғы заман талаптарына сай әмбебап базар 25 000 шаршы метр көлемді алып жатыр. Мұнда сатып алушылар мен қызметкерлерге ерекше жағдай жасалған. Сауда үйінің салқындату әрі ауа алмастыру, жылыту жүйелері еуропалық стандарттарға сай келетін ағылшындық «Чиллер» компаниясының құрылғыларымен жабдықталған. Сатып алушылаға және жүк жеткізуге арналған «Митсубиси» компаниясының лифтілері, 8 эскалатор жұмыс істейді. Келушілердің темір тұлпарларын қалдыратын арнайы 600 көлікке арналған автотұрақ тегін әрі мінсіз қызмет етеді.
Бес қабатты сауда үйінің алғашқы қабатында азық-түлік өнімдері мен асхана орналасқан,- деп сөз бастады «Нұр» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайырлы Тәукен,- екінші және үшінші қабаттар киім-кешектер, аяқ киімдер, опа-далаптар т.б. халық сұранысына ие тұрмыстық заттар орналасқан. Ал төртінші және бесінші қабаттарда әлемдік және отандық жиһаз өндірушілердің өнімдері мен тұрмыстық техникалар шоғырланған. Сауда үйінің ең жоғарғы қабатында бүлдіршіндерге арналған ойын алаңы бар екенін айта кету керек. Болашақта ғимаратымыздың ішінен 3D және 4D кинозалдарын ашу көзделіп отыр, — деді Қайырлы Кеңесбекұлы.
Тағы айта кететін мәселе сауда үйінде әр аптаның сенбі-жексенбі күндері түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Солардың бірі 14-15 маусым күндері «Нұр Отан» партиясы және ҚР сауда палатасымен бірлесіп отандық ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Сауда үйі басшыларының негізгі мақсаты отандық шағын бизнесті дамыту екендігі сауда үйінің ашылу салтанатында айтылып өтті.
Сауда үйі кәсіпкерлерге сауда дүңгіршектерінің алғашқы айларында жалға беру ақысы алынбайтыны және әрбір шаршы метрі Астана қаласы бойынша ең төменгі бағаларды қамтып отырғаны жағымды жаңалық.
Тағы бір көкейге қонымды жайт, сауда үйі ғимаратаның ішінен әртүрлі үйірмелер ашылғалы отыр. Шахмат үйірмесі қазір жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта каратэ — до спорттық үйірмесін ашу көзделіп отыр.
Ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы Алматы ауданы төрағасының бірінші орынбасары Төлешов Ерұлан сөз сөйлеп, «Самғау» әмбебап базарының жұмысына табыс тіледі. Ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті ескерген бұл іргелі сауда үйі шағын бизнесті жоғары деңгейге көтерудің жолы екенін атап көрсетіп, әмбебап базар жұмысына «Нұр Отан» партиясының атынан қолдау көрсететінін білдірді.
«Нұр» компаниялар тобының негізі болып табылатын «Нұрбереке» компаниясының басты мақсаты Елбасының «Қазақстан — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында атап көрсеткендей шағын және орта бизнесті дамыту болып отыр.