Жарияланды: 140

Астана мешіттері аязды күндері қала тұрғындарына тегін такси ұсынады

Астана мешіттері аязды күндері қала тұрғындарына тегін такси ұсынады

Қатты аязға байланысты елорда мешіттері «Астана - мейрімді қала» акциясын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акция үш негізгі бағытта жүргізіледі, онда елорда тұрғындарына тегін такси қызметін ұйымдастыру, мұқтаж жандарға көмір жеткізу және көшедегі тазалықшылар мен құрылысшыларға ыстық шәй мен тамақ ұсыну көзделіп отыр.

Қайырымдылық акциясына кез келген қала тұрғыны қатыса алады.

«Былтыр да аязды күндері кішігірім бастамалар көтерілді. Биыл Астананың 8 мешіті бірігіп, ауқымды қайырымдылық шарасын атқарғалы отыр. Бүгін таңғы 8-де басталған шара аясында 200 адамға ыстық шәй мен тамақ берілді. Жамағаттан жиналған қаражатқа көмір алып, оны мұқтаж жандарға, шамамен 10 отбасына 3 тоннадан түсіріп беруді жоспарлап отырмыз. Көлікке мұқтаж жандарға тегін такси қызметін де ұсынамыз», - деп жауап берді «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Бас имамның айтуынша, қазіргі уақытта қала ішінде 25 көлік қала тұрғындарын тегін тасып жүр және мұнда жолаушының қауіпсіздігіне баса мән беріледі.

«Тегін такси қызметіне атсалысу үшін жүргізуші ең алдымен мешітке келуі керек. Оның көлігінің жай-күйін, жүргізу куәлігін тексереміз, телефон нөмірі мен аты-жөні, мекенжайын жазып аламыз және жолаушының қауіпсіздігі туралы бірқатар ережелерді түсіндіреміз. Содан кейін ғана, мешіт атынан қайырымдылық шарасына қатысуын мақұлдап, көлік терезесіне арналған кішігірім баннерімізді береміз. Мешітке қарттар жиі хабарласады, оларды да діттеген жеріне жеткізіп тастауға тырысамыз», - деп өз сөзін толықтырды бас имам.

Қайырымдылық акциясы аяздың беті қайтқанша жалғасатын болады. Көмек қолын созғысы келген тұрғындар ummet.kz сайтында көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласа алады. Тегін такси қызметін пайдаланған қала тұрғындары әлеуметтік желіде өз ризашылықтарын білдіріп үлгерді.

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін