Астана қалалық ІІББ жол полициясы басқармасы көліктерді себепсіз тоқтату тәжірибесіне тосқауыл қоймақшы
Астана қалалық ІІББ жол полициясы басқармасы "көліктерді себепсіз тоқтату тәжірибесіне тосқауыл қоймақшы". Бұл туралы бүгін, 29-қыркүйекте Астанада өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық ІІББ жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Владимир Козак журналистерге хабарлады. |
"Көліктер тек жол қозғалысының тәртібін ашықтан-ашық өрескел бұзған жағдайда ғана тоқтатылатын болады",- деді ол. Сондай-ақ, В.Козактың айтуынша, жол полициясының басшылығы қазір "халық бұқара тарапынан жол полициясы қызметкерлерінің жұмысына ешбір сын-сөгіс немесе шағым айтылмауы үшін шаралар қолдануда".
"Қызмет бабына бақылау қоюға міндетті ішкі істер органдарының бар күші заңсыз алым-салық, қалта қағушылық пен дөрекелік деректерін жоюға жұмылдырылып отыр",- деді ол.
Осыған байланысты В.Козак жұртшылыққа "жол полициясы қызметкерлері тарапынан жол берілген дөрекілік, сұғанақтық және оспадарлық әрекеттер туралы ІІББ-ның басшылығы мен жол полициясы басқармасына жедел хабарлап тұру" жөнінде өтініш жасады. "Мұндай әрекетке барған қызметкерлерді жұмыстан қууға дейін шара қолданылады",- деп сендірді ол.
"Бұл - бір мәрте ғана қолданылған науқаншылдық шара емес дегенді жұртшылық түсінгені абзал. Біз бұл шараны жұмыс тиімділігі мен полицейлердің беделін арттыруға бағыттап тұрақты әрі мақсатты бағдарламаға айналдырмақпыз",- деді В.Козак.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін