Астанада айлап жалақы көрмеген балабақша тәрбиешілері наразылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 512.32
  • 582.92
+12 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада айлап жалақы көрмеген балабақша тәрбиешілері наразылық білдірді

Астанада айлап жалақы көрмеген балабақша тәрбиешілері наразылық білдірді

Бала тәрбиелеудің орнына жалақысын даулауға мәжбүр. Астанада элиталық ауданда орналасқан балабақшаның 30-ға жуық тәрбиешісі жарты жылдан бері еңбекақысын ала алмай зар жылап жүр. 6 ай бұрын  ашылған мемлекеттік балабақшада осы күнге дейін тәрбиешілер тегін жұмыс істеп келген. Ал қызметкерлер алдындағы қарыз 5 миллион теңгеден асады. Көк тиынсыз қалғандардың жайымен Жәудір Оразхан танысып келді.

  • 17 Маусым 2015
  • 566
Фото - Caravan.kz

Есілдің сол жағалауынан салынған «Қошақан» балабақшасы жыл басында ашылған. Бірақ, алты айға жетпей жаңа бүлдіршіндер үйінің берекесі қашты. Ұстаздары бала тәрбиесімен айналысудың орнына әкімдік пен директордың кабинетін жағалап, жалақыларын даулап жүр.

Лейла Оспанова, «Қошақан» балабақшасының тәрбиешісі:

-6 айдан бері еңбекақымызды алған жоқпыз, ай сайын бізге ақымызды береміз дейді. Бірақ ешкім уәдесін орындап жатқан жоқ. Бұл жайлы Білім басқармасы, барлығы біледі.

Сондағы ай сайын алатын жалақылары 35 мың теңге. Ақшасыз жүргендердің араларында аяғы ауыр тәрбиешілер де бар. Мәселен, Салтанат декреттік демалысқа да шықпаған. Босануға айы-күні жетсе де балабақшаны айналшықтап кете алмай жүр.

Салтанат Қисықова, «Қошақан» балабақшасының тәрбиешісі:

-Басында кіріп алдым.  Енді басқа жұмысқа бара алмаймын.  . Сондықтан осында шыдап жүріп, жұмыс істей бердім.  Жақында босанатын уақытым таяды. Мемлекеттен ешқандай декреттік, ешқандай еңбекақы алған жоқпын.

Тәрбиешілер ғана емес мұнда балалардан да береке кеткен. Үйлеріне «ашпыз» деп келеді екен. Ол аздай кішкентайларды оқытатын кітап, не алданатын ойыншық алынбаған. Ал, «Қошақанның» қызметкерлеріне бар былықты айтып, шағымдануға қатаң тыйым салыныпты. Басшылардан басын бұға беріп әбден шаршаған тәрбиешілердің ашуынан сексенді ме, әйтеуір бұл жолы Білім басқармасындағылар дереу жетті.

Бағлан Сматаева, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Мұның бәрі балабақша меңгерушісінің кінәсі. Ол балалар қабылданбай жатып тәрбиешілерді жұмысқа алған. Біз «Қошақанды» мамырда ғана ресми түрде аштық. Қазір прокуратура тексеріп жатыр. Барлығына меңгеруші жауап береді.

Бәріне балабақша басшысы кінәлі деп жауапкершіліктен жалтарған  шенеуніктер кейін тәрбиешілерді жинап 6 айдың жалақысын бөліп төлеуге уәде етті.

-Менің несием  бар, қарызым бар.Өзі алатыным 40 мың. Бұған дейін неге осыны айтпады?

Ал бақша меңгерушісі мемлекеттік мекемеге өз бетімше жұртты жұмысқа қабылдайтындай есімнен ауысқан жоқпын деп отыр. Шырылдаған Бақыт Бірімжанова әкімдіктің өзін не үшін айыпты етіп жатқанын түсінбей дал.

-Мен кінәлі болуым керек пе? Мен жеке балабақша ашқаным жоқ қой?

Маңдай тер еңбекақыларын талап еткен тәрбиешілер ата-аналар төлеп келген  теңгенің де, қазынадан бөлінген қаржының да кімнің қалтасында кеткенін білмейді. Себебі балабақшаның жарты  ақшасын мемлекет, жартысын тұрғындар төлейді. Қазір ұл-қыздың тәрбиесі жайына қалған мектепке дейінгі мекеменің қаржылық құжаттарын  прокурорлар  тексеруге  кірісті.