-Былтыр көк костюм тігілген. Бәріміз алғанбыз. Биыл қара костюм деп тұр.
17 мың теңгеге сатып алынған бұл форма енді қажетсіз болып қалуы мүмкін. Не басқасын тіктіруге тура келеді. Себебі Астанадағы №57 мектеп «сыймай қалды» деп өз шәкірттерін қуып жатыр. Сөйтіп жүздеген ұл-қыз үйлерінің іргесіндегі білім ордасына емес, жердің түбіндегі яғни Қарағанды тас жолы бойындағы басқа мектепке ауыстырылуда.
Рәнуа Оңғарбаева, Астана қаласының тұрғыны:
-Бала саны көп екен. Бұл мәселені мамыр я каникулда неге шешпеген. Мен түсінбеймін.
Бізді «алалады» деген ата-аналар бірнеше күннен бері ұстатпай жүрген директордың кабинетіне басып кірмек болды. Алайда, білім ошағының басшысы оларды сыртқа алып шықты. Бірақ ашулы топты сабырға шақырамын деп өзі күлкіге қалды.
-Құрметті оқушылар! Жаңа оқу жылдарыңыз құтты болсын дейміз.
-Қайдағы, құтты болсын?
Ата-аналардың сұсынан сескенді ме, кейін жүз шақты баланың үйреншікті мектебінде қалатынына көптің көзінше уәде берді.
Қасқырбай Мұқанов, Астанадағы №57 орта мектептің директоры:
-Осы мектепте қалдырдық.
-Кеше де осылай айтқансыз?
-Енді толық шешілді.
57-ші мектеп оқушыларының ешқайда ауыстырылмайтынын бүгін Астана қалалық білім басқармасы да растады. Дегенмен, шенеуніктер мұның бәрі үш ауысымды мектептің санын азайтудың қамы дейді.
Асыл Амангелдиева, Астана қалалық білім басқармасының бас маманы:
-Астана қаласына жыл сайын өңірлерден 5 мыңға жуық бала келеді. Ол балаларды мектепке орналастыру қиындық туғызып отыр. Кейбір мектептер 3 ауысымда оқуда. Сол үш ауысымды жою үшін, үлкен үлкен мектептер ашылды. Биыл 5 мектеп ашылғалы отыр.
-Сондықтан шенеуніктер осы жаңадан ашылатын білім ошағына ауысқан балаларға барлық жағдайын жасаймыз деп сендіріп отыр. Яғни автобус бөліп, оқушыларды жылдың төрт мезігілінде мектепке апарып алып қайтпақ. Бұған ата-аналардың көнгісі жоқ. Оларға алдымен керегі кең мектеп емес, қысылып қымтырылып жүрсе де, ұл-қызының үй іргесінен алысқа ұзағанын қаламайды.