Жарияланды: 260

Астанада элиталық үйлердің үлескерлері шу шығарды

Астанада кезекті баспана дауы! Бұл жолы Есілдің жағалауындағы элиталық үйлердің үлескерлері шу шығарды.  Айтуларынша, 10 жылдан бері дайын тұрған баспаналарына кіре алмай жүр. Өйткені құрылыс компаниясы үйдің сыртын жалтыратып қойғанымен, ішін осы уақытқа дейін жөндемеген. Тіпті, жылу, жарық та қосылмаған. Сондықтан баспанасын асыға күтіп, төзімі түгесілгендер бүгін құрылыс компаниясының кеңсесіне басып кірмек болды.

Есілдің жағалауындағы мына элиталық үйге сыртынан қарасаң көздің жауын алады. Жұрт қоныстанып, ішінде тұрып жатқандай. Бірақ үлескерлердің пәтерлеріне кіре алмай жүргендеріне міне 10 жылға жуықтады. Өйткені үйдің сырты бүтін болғанымен, бар гәп ішінде.

Эльнора Айтқалиева, үлескер:

-Ақшаны 100 пайыз жинап өткізіп қойдық. Енді баспананы күтіп жүрміз. Бірақ құрылыс компаниясы жұмысты тоқтатып тастады. Бізге пәтерге көше беріңдер дейді. Бірақ мынандай жағдайда қалай тұрамыз, қорқынышты ғой.

Жұрттың қорқатындай жөні бар. Өйткені үйдің ішімен аяқ алып жүрудің өзі қауіпті. Барлық қабатта электр сымдары ашық, әрі төбеде әр жерден салбырап тұр. Лифт істемейді, құрылыс материалдары шашылып жатыр, вентиляциялық шахта да аяғына дейін жасалмаған. Пәтер ішіндегі жұмыстар да көптің көңілінен шықпайды.

Сондықтан шамасы барлары пәтерді өздері кісі жалдап жөндеуге кіріскен. Тіпті екі отбасы баспанасына кіріп алыпты. Бірақ, жылу, газ, жарық атымен жоқ.

Салтанат Әбдікәрімова, үлескер:

-Үй дайын болмаса да осында тұрып жатырмыз. Басқа амал жоқ. Жалдамалы пәтерге ақша төлеп, әбден шығынданып кеттім.

Сондықтан амалы таусылып, төзімі шегіне жеткен жұрт бүгін құрылыс компаниясының кеңсесіне басып кірмек болды. Бірақ есік алдынан қарсы алған күзетшілер ешкімді табалдырықтан әрі аттатқан жоқ. Миллиондарды жинап алып, үлескерлерді тентіреткен компания басшысы да жұмыс орнында болмай шықты.

Осылайша пәтерін зарыға күткен үлескерлердің қоныс тойын қашан тойлайтыны белгісіз қалып отыр. Өйткені, құрылыс компаниясы үйреншікті уәдесін де беруге жарамады. Ал амалы таусылған үлескерлер болса, дайын баспанасы бола тұра, жалдамалы пәтерлеріне кетті. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін