Жарияланды: 360

Астанада келіншегін өртеп өлтірген ер адам әлі ұстатпай жүр

Астанада келіншегін өртеп өлтірген азамат әлі ұстатпай жүр. Әйелін ажал құштырғанына 2 айдан асса да, тәртіп сақшылары оны іздеп таба алмай жатқандарын айтады.

Қазір 43 жастағы Қанат Сәдуовтің суреті еліміздің барлық облыстарынан бөлек ТМД мемлекеттеріне де жіберіліпті. Әрі ерікті азаматтар да қылмыскерді ұстауға көмек көрсетіп жатыр. Қанішер жөнінде ақпарат бергендерге полиция сыйақы да дайындап қойған. Ал осы іздеудегі азамат пен марқұм Светлананың 4 баласы  Елордадағы үйлерін тастап, Петропавлға көшіп кетіпті. Оларға анасының туыстары қарайласып жатыр екен. Десе де, мән-жәйді әлі түсінбеген кіші екі баласы әке-шешесін жылап іздеумен жүр. Жантүршігерлік жағдай мамыр айының соңында, тура соңғы қоңыраудың ертеңіне болған еді. Астанадағы №25 мектепте жұмыс істеген әйелін Қанат Сәдуов сыртқа шығарып, үстіне бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызын күйік шалған ұстаз ауруханада бір аптадай жатып, ақыры есін жимастан көз жұмды. Оны жер қойынына тапсыруға күйеуінің бірде-бір туысы келмеді дейді марқұмның жақындары.

Айгүл Дәрменова, марқұмның туысы:

- Атасы мен әжесі келмейді деп ойладым. Өйткені келетін беттері жоқ. Ал, кішілері келетін шығар дегенмін. Келсін шығарып салсын ақырғы сапарға Светаны дедік. Бірақ келмеді. Сонда менің сіңілім сондай сыйсыз болған ба?!

Талғат Сәдуов, марқұмның ұлы:

- Анамды өз әкем өлтіріп отыр. Ішкі жан дүниемдегі жағдайды сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Әкем болса да, оны кешіре алмаймын. Менің ойымша, оны туыстары жасырып отыр. Әйтпесе, осынша уақыт ұстатпай жүруі мүмкін емес қой. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін