Жарияланды: 390

Астанада мұнайгаз саласындағы келісімдерді талқылауға арналған семинар басталды

Астанада мұнайгаз саласындағы келісімдерді талқылауға арналған екі күндік семинар басталды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Шараны ұйымдастырушы Орталық Азиядағы табиғи ресурстарды басқару процессін жетілдіру Бағдарламасы (NRMP) семинарға қатысушыларға мұнайгаз саласындағы келісімдердің дүниежүзілік тәжірибесімен таныстырмақ ниетте. "ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің мамандары мұнайгаз саласындағы инвестициялық келісімдерден толыққанды хабардар болуға тиіс. Бұл - Қазақстандағы мұнайгаз секторының табысты дамуына түрткі болады",- дейді NRMP бағдарламасының мұнайгаз жобаларының жетекшісі Дэвид Баркер. ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінің жер қойнауын пайдалану департаментінің өкілі Шыңғысхан Сейдіғалиевтің пікірінше, семинарға арқау болған басты мәселе - қандай да бір нақты келісім шартына қол қойған кезде міндеттемелердің орындалуын қадағалау болып табылады. "Біз семинардан үлкен нәтиже күтеміз. Келісім шарттарына қол қою барысында , атап айтсақ, қазақстандық мамандарды оқыту жөніндегі шарттарды бекітуде қателік жиі туындайды. Әр компанияның бұл мақсатқа жұмсайтын қаржысы әртүрлі. Сол себепті министрлік келісім шарттарының жекелеген бөлімдерін мұқият пысықтауда",- деп хабарлады Ш.Сейдіғалиев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть