Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Осымен үшінші рет ұйымдастырылғалы отырған көрмеде қорғаныс өнеркәсібіндегі соңғы жетістіктер, әлемдік өндірушілердің қару-жарақ саласындағы жаңа өнімдері кеңінен көрсетілетін болады.
«KADEX-2014» көрмесі бұрнағы жылдары өткен көрмелерден ғарыштық технологиялар, авиациялық қару-жарақ, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен құралдары, ІТ-технология, байланыс жүйелері мен құралдары, әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету секцияларының артуымен ерекшеленеді.
Көрмеге қатысу үшін Астанаға әлемнің 27 елінен 300 компанияның өкілдері келеді.
Өткен екі көрменің тәжірибесі әлемдік қару-жарақ өндірушілер тарапынан Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешеніне қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Биылғы көрмеде тұңғыш рет отандық аэроғарыш өнеркәсіп өнімдерінің үлгілері көрсетілетін болады. Іс-шараға 80-нен астам отандық компаниялар қатысады.
«KADEX-2014» көрмесін жариялауға 40-тан астам қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың 200-ден аса журналисі тіркелген.
Көрмеге қатысушыларға «Да Винчи» ұшқышсыз ұшу аппараты, «Еврокоптер» тікұшағы, Камаз-53949 базасындағы «Тайфун» бронды автокөлігі, «Федерал» автокөлігі көрсетіледі.
Қатысушылардың назарына «Семей Инжиниринг» АҚ-да жаңғыртылған Т-72Б танкісі, жаяу әскер жауынгерлік машинасы БМП-2, БТР-80 бронды транспортерінің мүмкіндіктері ұсынылады.
Көрменің маңызды бөлігін іскерлік, оның ішінде халықаралық ғылыми-техникалық конференциялар, таныстырылымдар, «дөңгелек үстелдер» құрайтын болады. Іс-шараға қатысушылар қазіргі заманғы әскери-техникалық саясаттың өзекті мәселелерін, сондай-ақ, қару-жарақ және әскери техникалық мүліктерді сатып алу мәселелерін талқылайды.
Барлық көрсетілімдік және іскерлік бағдарламалар қорғаныс-өнеркәсібін қарқынды дамыту, инвестиция тарту, жетекші халықаралық өндірушілермен әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту сияқты тапсырмаларға бағытталған.
Көрменің қорытындысы бойынша қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік саласындағы бірқатар маңызды келісімшарттарға, келісімдер мен меморандумдарға қол қою жоспарлануда.