Жарияланды: 360

Астанада қалталы кәсіпкерді өлтірмек болғандар 40 жылға сотталды

Астанада тағы бір атышулы іске нүкте қойылды. Қаланың қақ ортасында тапсырыспен табысты кәсіпкерді өлтірмек болған үш сыбайлас 40 жылға сотталды. Бірақ, ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылғандарды жалдаған басты күдікті әлі бостандықта жүр. Енді тура «Бәйтерек» түбінде атылған оқтан аман қалған Олжас Мұқажанов өзіне қастандық жасауға тапсырыс берген Қауіпсіздік кеңесінің экс-қызметкерін жазалауды талап етпек. Сот залында Жәудір

Оразхан болып келді.

Сот залына абақтыдан жеткізілген Камил Ибишев бір сәтке өзін еркін сезінгісі келді ме, қолын кісеннен босатуды сұрады. Тіпті сыбайластарымен жарқын-жарқын күліп, әңгіме айтуға кірісті. Бүгін тағдыры шешілетінін білсе де бұл үшеудің жүзінде қорқыныш жоқ. Жылға жуық абақтыда отырған Ибишев тіпті процеске үйлерінен келіп жүрген екі досына «жылы киім алыңдар» деп кеңес беруде.

Соған қарағанда кәсіпкерді өлтірмек болғандарын мойындаған қаскөйлер оңайлықпен құтылмасын білгендей. Судья да көп сөзбады. Үкімді  он минутта оқып, үшеуіне жарты ғасырға жуықтайтын жаза кесті.

Ербол Рахымбеков, судья:

- Мұрат Садыровты 14 жылға, Камил Ибишевты 13 жылға, Елдос Дәуітовті 13 жылға бас бостандығына айырылсын. Сотталушылар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтесін.

Сот залына қаптаған қарауыл кіріп келді де сол мезетте екінші жендет Елдос Дауытов пен қылмысты ұйымдастырған Мұрат Садыровтың қолына кісен салды. Ал, травматикалық қарудан 6 рет оқ тиіп, ажалдан аман қалған 36 жастағы бизнесмен үкімді әділ деп есептейді.

Олжас Мұқажанов, жәбірленуші:

-Мені өлтіруге тапсырыс берген негізгі адам әлі қолға түскен жоқ. Бірақ жақын күндері ұсталып және заң алдында жазаланады деп сенемін. Оған қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Тергеумен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысып жатыр.  

Ал бала күнгі досын өлтіруге тапсырыс беріп табысты бизнесін тартып алмақшы болған Ерлан Анарбекке халықаралық іздеу жарияланды. Алайда тергеушілер Қауіпсіздік кеңесінің экс-қызметкерінің қайда жүргенін болжай  да алмай отыр. Бірақ, қолға түссе оны да қатал жаза  күтіп тұр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін